«Телефон көтермейді». Экс-депутат 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін айтты

201
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/k7uhzLYGHdvhWq2fkMtWLfJer0gHpDJKkVJaRy6F.jpg

Бұрынғы Мәжіліс депутат Самат Нұртаза 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным, қазір ләм-мим тыныш, 2 күнге қуаттылығы жетіп жатыр. Һәм адами кейіп сақтап қалған 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім хабарлассам, тұтқаны көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды. Қызық бір жағынан. Солай болатынын да білгем. Бірақ “кім өзгерсе де, дәл осы адам өзгермейд-ау” деген адамдар өзгеріп кеткеніне куә болып отырмын. “Сэм, братан!”, “В любое время, Сәке!”, “Всегда на связи, Самат Русланович!” деп қорқорға шақыратын вице-министрлер ләм-мим ғайып болды»,–деді ол.

Саясаткер мұндай жағдай қазіргі Құрылтайдың 145 депутатының бәрінің басынан өтетінін атап өтті. Оның пікірінше, олар әзірге мұның не екенін түсінбейді.

«Орныңнан кеттің, депутат болдың. Ал депутаттықтан кейін қайтайын десең, орныңда адам отыр. Тығырық. Бұйырса, жұмысқа шығамын ғой. Бас аман болсын. Елдің алды болмасам да, соры емеспін, екі қолға бір күрек табылар. Бірақ бұл 123 күн жақсы өмірлік сабақ болды»,–деді Самат Нұртаза.

Бұдан бөлек, ол мемлекеттік қызметкерлердің неліктен өз орынтағына соншалықты жабысып қалатыны туралы философиялық ойларымен бөлісті. Оның пікірінше, лауазым дегеніміз – жай ғана билік, ақша немесе жеке кабинет емес. Ең бастысы – қоғамға қажет екенін сезіну. Шенеуніктер үшін дәл осы сезім негізгі ынталандырушы күшке айналады. Ал әлеуметтік баспалдақтағы орнын жоғалтып алу қорқынышы оларды үнемі психологиялық күрес жүргізуге мәжбүр етеді. Саясаткердің айтуынша, бұл құбылысты мемлекеттік қызметте өзі жұмыс істеп көрген адамдар ғана түсіне алады.

 

댓글
기타 기사