Трамп әкімшілігінің Аляскадағы сайлауға қатысты талабы қанағаттандырылмады

155
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OKjBO49ewXMD7e0uz75ve5BsqoRhqwCIy5aPTRbP.webp

1 қарашада АҚШ-тың федералдық соты президент Дональд Трамп әкімшілігінің Аляска штатындағы Сенат сайлауының қорытындысын ресми бекітуге кедергі келтіру туралы талап-арызын қабылдамады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Әкімшілік бұл талапты қазіргі республикалық сенатор Дэн Салливан жеңіліп қалған жағдайда нәтижелерді бекітуді тоқтату мақсатында берген. Сот АҚШ Әділет министрлігінің мұндай талап қоюға жеткілікті құқықтық негізі жоқ деген қорытындыға келген.

Трамп әкімшілігінің пайымдауынша, сайлауға сенатормен тегі бірдей, зейнетке шыққан мұғалім кіші Дэниел Дж. Салливан есімді азаматтың қатысуы сайлаушыларды шатастырып, дауыс беру нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Әділет министрлігі демократиялық партияның өкілі Мэри Пелтола жеңіске жеткен жағдайда сайлау қорытындысын ресми бекітпеуді талап еткен. Сондай-ақ тегі бірдей екінші Салливанға дауыс берген азаматтардың шын мәнінде қазіргі сенаторды қолдауды көздеген-көздемегенін анықтауды сұраған.

Федералдық судья Шэрон Глисон 20 беттік қаулысында АҚШ билігі дауыс беру құпиясын бұзбай, мұндай тексеруді жүзеге асырудың нақты тетігін ұсына алмағанын атап өткен.

Сот дауына The New York Times басылымында жарияланған ақпарат себеп болған. Онда Мэри Пелтоламен байланысы бар саяси кеңесшілер сайлауға сенатормен тегі бірдей кандидатты қатыстыруға ықпал етуі мүмкін екені айтылған. Алайда Пелтола бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Сот шешімінен кейін АҚШ Әділет министрлігі апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін мәлімдеді. Ал Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында «жалған кіші Дэниел Дж. Салливан жоғалып кетті» деп жазып, саяси қарсыластарын тағы да сынға алды.

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы мен Сенатына аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Аляскадағы сайлау жоғарғы палатадағы бақылау үшін күрестегі маңызды бәсекелердің бірі саналады.

댓글
기타 기사