Қытайда бұрынғы шенеунік өлім жазасына кесілді

209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/35nUTTocmzWBedNytjlg9lhwfUlYmZLviPuBeZJb.webp

Қытайда Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комиссияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімінің бұрынғы басшысы Ван Хуэйминь өлім жазасына кесілді. Алайда үкімді орындау екі жылға кейінге қалдырылды. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Чэнду қаласының соты Ван Хуэйминьнің 1998 жылдан 2025 жылға дейін пара алғанын анықтаған. Ол әр жылдары мемлекеттік банкте, Шыңжаңдағы мемлекеттік органдарда және бағалы қағаздар нарығын реттейтін ұлттық мекемеде қызмет атқарған.

Ол пара үшін компаниялар мен жеке тұлғаларға бизнес жүргізуге және қаржы тартуға көмектескен. Заңсыз алынған ақша мен мүліктің жалпы сомасы 436 миллион юаньнан асқан. Бұл шамамен 29,5 миллиард теңгеге тең.

Сот пара көлемін аса ірі, ал мемлекет пен қоғамға келтірілген зиянды ерекше ауыр деп бағалаған. Соған қарамастан, жеңілдететін мән-жайларға байланысты өлім жазасын орындау кейінге қалдырылған.

Сот кейбір қылмыстық әрекеттердің соңына дейін жеткізілмегенін ескерген. Бұрынғы шенеунік кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген және тергеу органдарына бұрын белгісіз болған пара алу деректері туралы мәлімет берген. Сондай-ақ заңсыз алынған қаражаттың бір бөлігі мемлекетке қайтарылған. Бұдан бөлек, оның барлық жеке мүлкі тәркіленеді.

Қытайда өлім жазасын орындау екі жылға кейінге қалдырылған жағдайда жаза әдетте өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Алайда Ван Хуэйминьге қатысты сот жаза мерзімін қысқартуға және мерзімінен бұрын босатуға жол берілмейтінін алдын ала белгіледі.

댓글
기타 기사