Герхард Шрёдердің Мәскеуге сапары Германияда дау тудырды

136
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4PHK2I5XtzW843vippNJoYbvdJf2CgyMevlmTzOk.jpg

Фото: Кремль

Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдердің Владимир Путинмен кездесуі неміс саясаткерлері мен журналистерінің қатаң сынына ұшырады. Сыншылар экс-канцлердің Ресейге сапарын оның бұған дейін «эмоциялық күйзеліске» байланысты тергеу комиссиясының жұмысына қатысудан бас тартуымен байланыстырып, әрекетін екіжүзділікке балады. Бұл туралы DW жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдердің Ресей президенті Владимир Путиннің туған күнін атап өтуге қатысып, онымен кездескен. Бұл жағдай Германия саясаткерлерінің, экономистер мен журналистердің наразылығын тудырды.

Еуропарламент депутаты, Христиан-демократиялық одақтың өкілі Деннис Радтке Шрёдердің әрекетін өткір сынға алды. Оның айтуынша, бұрынғы канцлер 2025 жылы Мекленбург – Алдыңғы Померания жерінің парламентінде «Солтүстік ағын» газ құбырына қатысты істі зерттеген тергеу комиссиясының жұмысына қатысудан бас тартқан. Сол кезде Шрёдер мұны эмоциялық күйзеліске ұшырауымен түсіндірген еді.

Радтке экс-канцлердің комиссия жұмысына қатысуға денсаулығы жарамсыз болғанымен, Мәскеуге баруға және Путинмен кездесуге күш тапқанын сынға алды. Ол Шрёдердің қайтадан белсенділік танытуын «Распутин рухындағы ғажайып сауығу» деп әжуалады.

Германия Бундестагының «Союз-90/Жасылдар» партиясынан депутаты Катрин Гёринг-Эккардт Шрёдердің әрекетін Германия үшін масқара әрі Еуропаға жасалған сатқындық деп бағалады. Оның пікірінше, мұндай қадамдар бейбітшілік орнату ісіне кері әсер етеді.

Ал Еуропарламенттің Қорғаныс комитетінің төрайымы Мари-Агнес Штрак-Циммерман бұрынғы канцлерді «Германиядағы ең арсыз зейнеткер» деп атады. Ол Шрёдердің тергеу комиссиясына қатысудан бас тартқанымен, Ресейдегі жоғары жалақы төленетін қызметтерін жалғастырып, Путиннің туған күнін атап өтуге барғанына назар аударды. Саясаткер Ресей президентін «әскери қылмыскер» деп те атады.

Bild газетінің бас редакторының орынбасары Пауль Ронцхаймер бұрынғы канцлерді Путиннің ең белсенді жақтастарының бірі деп сипаттады. Сонымен қатар ол Германияның Социал-демократиялық партиясын (СДПГ) Шрёдерді әлі күнге дейін қорғап отырғаны үшін сынға алды.

Ронцхаймердің пікірінше, Шрёдердің Ресей басшылығымен тығыз қарым-қатынасы Германияның саяси беделіне нұқсан келтіреді. Ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын да тілге тиек етіп, бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты қатаң мәлімдеме жасады.

Экономист Янис Клюге де бұрынғы канцлердің СДПГ құрамында әлі де қалуы мәселесіне назар аударды. Бұл тақырып Германиядағы саяси ортада Шрёдердің партиямен байланысы жөніндегі пікірталасты қайта жандандырды.

Ресей президентінің баспасөз қызметі Путин мен Шрёдердің бірге түскен суретін жариялады. Фотода екеуі пештің жанында тұр. Пештің үстінде самаурын мен тербелмелі аттардың мүсіндері көрінеді.

Кремльдің хабарлауынша, Путин 7 қазан күні таңертең Шрёдердің Мәскеуге келгенін бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп, ескі досын үйіне қонаққа шақырған.

Шрёдердің Мәскеуге сапары немістің Globus дүкендер желісінің қызметкерлері және басшылығымен кездесуге де байланысты болған. Бұрынғы канцлер Ресейдегі неміс желісінің гипермаркеттерін басқаратын «Гиперглобус» компаниясының бақылау кеңесінің мүшесі.

Осылайша, Шрёдердің Мәскеуге сапары Германияда оның Ресей басшылығымен байланысы, саяси жауапкершілігі және СДПГ алдындағы орны туралы пікірталасты қайта өршітті.

댓글
기타 기사