Әскери қызметтен қашқан. Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ресейлікке сот үкімі шықты

153
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wkd6LFyffEHOXF4RgMuJknBpGNHIxo11DWAMjtvc.jpg

Батыс Қазақстан облысында сот әскери қызметтен қашу үшін Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтіп, үшінші елге жетуге әрекеттенген Ресей азаматына қатысты істі қарады. Бұл туралы БҚО сотының баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сот мәліметінше, ер адам 2025 жылдың шілде айында Ресей армиясындағы қызмет орнын өз еркімен тастап, құқық қорғау органдарынан жасырынған. 2026 жылдың мамырында ол Қазақстанға өтуді ұйғарған. Ер адам смартфондағы электронды карталардың көмегімен бағытын алдын ала жоспарлап, ресми өткізу бекетін айналып өтіп, мемлекеттік шекараны белгіленбеген жерден кесіп өткен.

Кейін жақын маңдағы тасжолға жетіп, Орал қаласына барған. Одан соң Жамбыл облысындағы Тараз қаласына жетіп, сол жерден басқа мемлекетке кетуді көздеген. Алайда жоспарын толық жүзеге асыра алмаған. Таразда оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған.

Істі Бөкейорда аудандық соты қарады. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Ол шекараны заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болғанын айтып, өзіне бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды, Қазақстаннан шығармауды және рақымшылық жасауды сұрады.

Сот оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, 865 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ Қазақстан аумағынан шығару және елге бес жыл мерзімге кіруге тыйым салу туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар сот 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қабылданған рақымшылық туралы заңды қолданып, ер адамды айыппұл төлеуден толық босатты. Алайда елден шығару және бес жылға кіруге тыйым салу шаралары күшінде қалды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Қазақстан әскери қызмет атқарғысы келмеген ресейліктер қоныс аударған негізгі бағыттардың біріне айналды. Олардың арасында әскери бөлімдерін тастап кеткен әскери қызметкерлер де болды. Алайда құқық қорғаушылар Ресейден қашқан дезертирлердің Қазақстандағы құқықтық жағдайы әлсіз екенін айтады. Олар босқын мәртебесін ала алмайды, ал кейбірі шекараны заңсыз кесіп өту фактілері бойынша қылмыстық істердің фигурантына айналады.

Сондай-ақ қашқындарды ұстап, Ресей тарапына беру жағдайлары да тіркелген. 2022 жылдың соңында Қазақстан бұрынғы ФКҚ офицері Михаил Жилинді депортациялаған. Кейін ол Ресейде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал 2024 жылдың сәуірінде Астанада бұрынғы әскери қызметкер Камиль Касимов ұсталды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ол алдымен Қарағанды облысындағы Приозерск қаласындағы әскери бөлімге жеткізіліп, кейін Омбыға жөнелтілген. Онда әскери кезеңдегі дезертирлік ісі бойынша алты жылға қатаң режимдегі колонияға сотталған.

댓글
기타 기사