Ұстаздар күні. Мәдениет саласының 25 педагогы ведомстволық наградалармен марапатталды

188
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DWmX4cocSv7qio6Aid15r8mnIcTQ7CUFYsgsXkmG.jpg

Бүгін еліміз ең маңызды мерекелердің бірі – Ұстаздар күнін атап өтуде. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ», – деген болатын. Ел Президенті кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенетінін үнемі айтып келеді.

Әділетті Қазақстанның болашағы білімді, еркін ойлайтын, жауапкершілікті азаматтарға байланысты. Ал әр баланың талабын байқап, білімге құштарлығын оятатын, еңбек пен адамгершіліктің қадірін үйрететін – ұстаз. Өнерге келген әр жастың да кейінгі барлық жетістіктерінің артында талмай баптаған тәлімгердің еңбегі тұрады.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 10 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бүгінде осы төрт жоғары оқу орны, төрт колледж және дарынды балаларға арналған екі мектеп-интернатта 11 136 оқушы мен студент білім алып жүр. Осы оқу жылында тағы 3 662 жас қабылданды. Оларға 3 303 оқытушы мен педагог тәлім береді. Мектептер мен колледждерде еңбек ететін 316 ұстаз педагог-зерттеуші және педагог-шебер санаттарына ие.

Биыл кәсіби мерекеге орай мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарында еңбек етіп, елеулі жетістіктерге қол жеткізген 25 педагог Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларға ие болды. Олардың бесеуі «Еңбек ардагері» медалімен, төртеуі Ы. Алтынсарин атындағы медальмен, тоғызы «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, жетеуі Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ 38 педагогқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградалары тапсырылды.

Ұстаздар күніне орай еліміздің барлық ұстаздарын, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ұлағатты жолдағы еңбектеріңізге толайым табыс тілейміз! 

댓글
기타 기사