Flydubai ұшағында екінші ұшқыш командирге авариялық балтамен шабуылдаған

150
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xcafKiupHTGLT6hpSlLWEVFRagIMtES8r9AWOO60.webp

Фото: ISRAEL FOREIGN MINISTRY

Дубайдан Тель-Авивке ұшып бара жатқан Flydubai әуе компаниясының рейсіндегі екінші ұшқыш теракт жасауға әрекеттеніп, әуе кемесінің командирі Смит Маччхарға пышақпен емес, ұшқыштар кабинасындағы авариялық балтамен шабуыл жасаған. Бұл туралы сенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінің бас прокуроры мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” порталы ВВС-ге сілтеп.

«Екінші ұшқыш ұшу кезінде өз жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Ол кабинада экипаж командиріне авариялық балтамен шабуыл жасап, ұшақты басқаруды өз қолына алуға әрекеттенді», – деп БАӘ Бас прокуроры Хамад Сейф аш-Шамсидің сөзін елдің мемлекеттік WAM агенттігі келтірді.

Авариялық балталар әдетте төтенше жағдайлар кезінде пайдалану үшін ұшақ кабиналарында сақталады. Сарапшылардың айтуынша, олар көбіне екінші ұшқыштың орындығының артында орналасады.

Бұған дейін Маччхарға пышақпен шабуыл жасалған болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.

БАӘ бас прокуроры екінші ұшқыштың аты-жөнін жариялаған жоқ. Бұған дейін Израиль билігі оның Оман азаматы екенін мәлімдеген.

Associated Press пен Reuters агенттіктері өз дереккөздеріне сілтеме жасап, екінші ұшқыштың Оман азаматы Хамам әл-Хаммами болғанын хабарлады.

Парсы шығанағындағы елдердің бірінің дипломаты AP агенттігіне берген мәліметінде, қазір тергеу оның жалғыз өзі әрекет еткен-етпегенін немесе экстремистік топтармен байланысы бар-жоғын анықтап жатқанын айтты.

Хамам әл-Хаммами Ұлыбританиядағы Buckinghamshire New University университетінде үш жыл қашықтан білім алып, 2023 жылы «Авиацияны басқару» мамандығы бойынша диплом алған. Университет өкілдері оның бұл оқу орнында ұшқыштық даярлықтан өтпегенін нақтылады.

AP дереккөзіне сәйкес, оған экстремистік көзқарасты ұстануы мүмкін деген күдікке байланысты Оманда ұшуға тыйым салынған. Алайда кейін ол Flydubai әуе компаниясына жұмысқа қабылданған.

Оны жұмысқа қабылдау кезінде кандидатурасы қаншалықты мұқият тексерілгені әзірге белгісіз.

Еске салсақ, оқиға 30 қыркүйек күні таңертең тіркелген. Ұшақ кабинасында болған оқиғадан кейін экипаж төтенше жағдай туралы белгі беріп, Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына шұғыл қонған. Борттағы жолаушылардың барлығы аман-есен түсіріліп, сол күні кешке Flydubai-дың басқа рейсімен Израильге жеткізілген.

Израиль билігі мен жолаушылардың хабарлауынша, екінші ұшқыш әуе кемесінің командиріне пышақ сұққан. Осыдан кейін ұшақ күрт төмендей бастаған. Сол кезде жолаушылар шабуыл жасаған ұшқышты ұстап, оны залалсыздандырған.

Ал жұма күні экипаж командирі, үндістандық ұшқыш Смит Маччхар Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен бейнебайланыс кезінде оқиғадан кейін алғаш рет ұшқыштар кабинасында не болғанын айтып берген еді. Оның сөзінше, ол есікті ашқанға дейін ауыр жарақат алған.

«Мен еденде жараланып жаттым. Бірақ өзіме: қандай жағдай болса да, іштен есікті ашуым керек, дедім. Басқа адамдар кабинаға кіріп, жағдайды бақылауға алуы үшін осылай жасау қажет болды. Әрине, мен өз өмірім үшін күрестім. Сонымен бірге басқа адамдардың қаза болуына жол бергім келмеді», - деді ол.

Маччхарға ұшақ бортында алғашқы медициналық көмек көрсеткен израильдік дәрігер ұшқыштың көп қан жоғалтқанын айтқан.

댓글
기타 기사