Сәрсемәлиев ісінде танылған «атыраулық хакердің» айыбы аталмаса да саны айтылды

270
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kcQr1gdTcbLqzA9j9qurvI0fOCbbt3pZH2ewoyA7.jpg

Бұған дейін Атырау облысында бір отбасының жоғалуына қатысты өз нұсқасын интернетте таратқан «хакерге» қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министр орынбасарының айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу толық аяқталған.

«Қазіргі таңда аталған қылмыстық іс бойынша айыпталушы сотқа берілді. Тергеу аяқталды. Оның қандай да бір мәліметтерге немесе дерекқорларға қол жеткізу мүмкіндігі болған жоқ», – деді Санжар Әділов Құрылтай аясындағы брифингте.

Ол күдіктінің экстрадицияланғанын жеткізді.

«Түркия мемлекетінен экстрадицияладық. Қазіргі таңда алаяқтыққа қатысты 12 эпизод бойынша айып тағылды. Өкінішке қарай, мұнан артық ақпарат бере алмаймын. Себебі менің құқығым жоқ»,— деді министрдің орынбасары

Ер адам Атырау облысында бір отбасының қатыгездікпен өлтірілуінен кейін әлеуметтік желілерде кеңінен танылды. Өзін «Атыраулық хакер» деп таныстырған ол «жеке тергеу жүргізіп жатқанын» айтып, қоңыраулардың деректерін, геолокация мәліметтерін және өзге адамдардың жеке деректерін жариялаған видеолар таратқан. 

Желіде «Атыраулық хакер» деген атпен танылған азамат бұған дейін Атыраудағы отбасының жоғалуына қатысты түрлі болжамдарын жариялап, ықтимал күдіктілердің есімдерін де атаған. Оның жазбалары қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің назарын аударған еді. Алайда құқық қорғау органдары оның ұсталуына әлеуметтік желідегі жарияланымдарының қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Ресми орындар оның жинаған аудиториясын пайдаланып, өзінің Дубайда тұратынын мәлімдеген күдікті жазылушыларына инвестициялық жобалар, ІТ курстары, ақша шығаруға көмектесу, аккаунттарды бұғаттан шығару және техника сату секілді түрлі «қызметтерді» ұсынғанын хабарлаған. Сенім артқан азаматтар оған қомақты қаражат аударғанымен, уәде етілген қызметтерді ала алмаған делінеді. Алдын ала есеп бойынша, оның әрекеттерінен келген шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады.

Ал "Атыраулық хакердің" із кесуінен кейін іздестіріліп, шетелде ұсталған бір отбасының төрт мүшесін өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев таяуда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. 

 

댓글
기타 기사