Алматыда 1 қазаннан бастап су тарифтері қымбаттайды. Тұрғындар қанша төлейді?

129
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NGmLFoqieJrFYEWOxQgWKWMFzytFFuhL7NTkTJ1T.jpg

1 қазаннан бастап Алматыда су тарифтері өзгереді. Жаңа тарифтер «Алматы Су» компаниясының сайтында жарияланды, деп хабарлайды "Адырна".

Өзгеріс тұрғындарға да, бизнес өкілдеріне де қатысты.

ҚҚС-ты қоса есептегенде, халық үшін жаңа тарифтер мынадай болады:

  • Сумен жабдықтау – 1 текше метріне 178,06 теңге;
  • Су бұру (кәріз) – 1 текше метріне 119,46 теңге.

Осылайша, бір текше метр судың сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін қоса алғандағы құны 297,52 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта сумен жабдықтау тарифі 76,56 теңге, ал су бұру қызметі 47,50 теңге болып отыр.

Коммерциялық ұйымдар үшін тарифтер халыққа қарағанда жоғары болады. 1 қазаннан бастап:

  • сумен жабдықтау – 362,18 теңге/м³;
  • су бұру – 264,75 теңге/м³.

Ал мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар үшін сумен жабдықтау тарифі 649,60 теңге/м³, су бұру қызметі 189,14 теңге/м³ болады.

Тұрғындар мен ыстық сумен қамтамасыз ететін ұйымдар үшін суық судың ҚҚС-сыз тарифі 153,50 теңге/м³, ал су бұру қызметі 102,98 теңге/м³ деңгейінде белгіленген.

Су есептегіші жоқ тұрғындар қанша төлейді?

Су есептегіші орнатылмаған жағдайда төлем тұрғындар санына қарай есептеледі.

1 қазаннан бастап тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық қажеттіліктерге пайдаланылатын су үшін бір адамға айына 2670,90 теңге төленеді.

Ал су бұру қызметінің ай сайынғы төлемі бір адамға 1791,85 теңге болады. Бұған дейін бұл сома 1148 теңге болған.

Ыстық суды бұру тарифі, керісінше, төмендеп, бір адамға айына 376,29 теңгені құрайды. Қазіргі төлем мөлшері 712 теңге болған.

Қазақстанда ауыз су тарифтерін белгілеу тәртібі де өзгерді. Жаңа Су кодексіне сәйкес, өңірлік мәслихаттарға халық үшін ауыз судың тарифін өз бетінше белгілеу құқығы берілді. Бұл ретте тарифті бекіту кезінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен сумен жабдықтаудың қолданыстағы құны ескерілуі тиіс.

Айта кетейік, елде коммуналдық қызметтердің тарифтерін кезең-кезеңімен көтеру жалғасып жатыр. Бұл халық пен бизнес үшін бағаның бірден күрт өсуіне жол бермеу мақсатында жүзеге асырылуда.

댓글
기타 기사