"I’m really sorry". Президент вице-президентті тағайындады, премьер орнында қалды

671
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iyteIcTiW2mBGJsQtXwb4iu5AEatqgv0oPLa4Qx6.jpg

Ерлан Қарин вице-президент, яғни мемлекеттік екінші адамы болып сайланды. Бұл туралы бүгін, 31 тамызда Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды»,– делінген хабарламада.

Ерлан Қарин Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, оның алдында мемлекетік кеңесші қызметін атқарған. 

141 депутат Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдап дауыс берсе, 4 депутат қалыс қалған.

Ал Олжас Бектенов мемлекет басшысының жарлығымен қайта премьер-министр лауазымына тағайындалды. Құрылтай депутаттарының 138-і Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдады, жетеуі қалыс қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай жиынында мемлекеттік кеңесші қызметі жойылып, вице-президент қызметі енгізілетінін айтқан болатын. Осыны айтқанда ел басшысы сол кездегі мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге қарата " I’m really sorry",- деп қалжыңдаған. 

Қазақстанда тәуелсіздік алған алғашқы жылдары вице-президент институты болған еді. Бұл қызмет 1991 жылы енгізіліп, 1996 жылы жойылған. Сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаев қызметінен босатылып, институт толығымен мемлекеттік басқару жүйесінен алынып тасталған. Енді араға шамамен 30 жыл салып, бұл лауазым қайта оралды. 

Қазақстанның биыл қабылданған жаңа Конституциясы бойынша вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.  Президент өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі вице-президентке өтеді. Бірақ вице-президенттің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаса, Президент өкілеттігі Құрылтай төрағасына өтеді. Ал Президент өкілеттігін Құрылтай төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде өкілеттік премьер-Министрге жүктеледі.

 

 

댓글
기타 기사