Алматыда ALMATY SUMMER FEST сахнасында Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалды

219
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0d1NucgNR8zLQEO0cIN2YV5BLjaFFteyN5DT1fsU.jpg

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында жаз айларында әр сенбі сайын ашық аспан астында өтетін ALMATY SUMMER FEST жобасы жалғасып жатыр. Фестивальдің әр кеші белгілі бір тақырыпқа арналып, қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі музыкалық бағдарламалар ұсынады.

Осы сенбіде өткен музыкалық кеш қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор, Қазақстанның халық артисі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналды.

Шәмші Қалдаяқов – қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырып, ұлттық ән мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Оның жүрекке жақын әуендері мен сырлы әндері бірнеше буынның рухани мұрасына айналып, күні бүгінге дейін халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Кеш барысында композитордың кеңінен танымал шығармалары шырқалды. Көрермендер артистермен бірге сүйікті әндерін орындап, Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық мұрасының өшпес құндылығын тағы бір мәрте сезінді.

Фестиваль сахнасында Құдайберген Бекіш, Бейбіт Қорған, Әділет Жауғашар, ADAM, Әлішер Қонысбай, Мәди Ахметқожа, Рүстем Нұржігіт, Елнұр Наурызбек, IGIGAI, RAY, Жасқайрат Валиуллиев, dj Akhmetoff, «Бәйтерек», «ILIGAI», «WinL» топтары, сондай-ақ Елдар Отарбаев, Балауса Ерғалина және Наурызбай ауданының өнерпаздары өнер көрсетті.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Ана туралы жыр» және «Кешікпей келем деп ең» әндерін артистер мен көрермендердің бірге орындауы болды. Бұл шығармалар кештің мазмұнын аша түсіп, композитор шығармашылығының халық жүрегінде әлі де айрықша орын алатынын тағы бір мәрте көрсетті.

Музыкалық кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық музыка өнерін дәріптеуге және жас ұрпақты рухани мұраға жақындатуға бағытталған маңызды мәдени оқиғаға айналды.

ALMATY SUMMER FEST алдағы екі сенбіде де жалғасып, алматылықтар мен қала қонақтарына мазмұнды музыкалық бағдарлама ұсынады.

댓글
기타 기사