Ресей тамыз айында Моңғолияға қосымша 25 мың тонна АИ-92 маркалы бензин және 5 мың тонна авиациялық отын жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Montsame-ға сілтеп.
Бұл туралы Моңғолияның өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Гонгорын Дамдиннямның Ресейге жұмыс сапары барысында белгілі болды. Сапар кезінде министр Ресей энергетика министрлігінің өкілдерімен, «Роснефть» және «Газпром нефть» компанияларының басшылығымен кездесті.
Кездесулер барысында Моңғолияға мұнай өнімдерін жеткізу көлемін арттыру мәселесі талқыланды. Тараптар елдегі жанар-жағармай нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша жеткізілімдер бойынша келісімге келген. Келісімге сәйкес, Ресей тамыз айының ішінде Моңғолияға 25 мың тонна АИ-92 бензинін және 5 мың тонна авиациялық отын жөнелтеді.
Бұл жеткізілімдер Моңғолияның ішкі нарығындағы жанармай қорын толықтыруға және мұнай өнімдеріне деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы күндері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары Украинаның дрон шабуылына ұшырап, жанармаймен қамтамасыз етуде кідіріс байқалады.
