Путин Қазақстанмен әскери келісімді қайта қарауды тапсырды

132
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BFFpWH6o7NHI6DcIZBQNaAkuImidRmXfQ9XUjPbX.jpg

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен қолданыстағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерге өзгерістер енгізу жөнінде келіссөздерді бастауды тапсырды. Тиісті құжаттар құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ресей Қазақстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді 2013 жылғы 24 желтоқсанда (2015 жылы ратификацияланған), ал Өзбекстанмен 2016 жылғы 29 қарашада жасасқан. Құжаттар қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді, әскери мақсаттағы өнімдермен алмасуды, технологиялар мен техникалық құжаттаманы беруді реттейді.

Соңғы жылдары Қазақстан Ресейден Су-30СМ жойғыш ұшақтарын (2022 жылға қарай олардың саны 20-ға жетті), Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтарын, «Бук-М2Э» зениттік-зымыран кешендерін, БТР-80 және БТР-82А бронетранспортерлерін алды. Сонымен қатар 2015 жылы Мәскеу өңірлік бірыңғай әуе қорғанысы жүйесін құру бағдарламасы аясында Астанаға бес С-300ПС зениттік-зымыран жүйесін тегін тапсырған болатын.

Өзбекстан 2017–2019 жылдары мемлекеттік экспорттық несие аясында жеткізілген 12 Ми-35М тікұшағын қабылдап, сондай-ақ шамамен 30 МиГ-29 жойғыш ұшағын жаңғыртты. Тараптар бұған қоса Су-30СМ ұшақтарын, «Сопка-2» радиолокациялық кешенін және «Печора-2М» зениттік-зымыран кешеніне арналған жабдықтарды жеткізу мәселесін талқылаған.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей –Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшелері. Екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықтың едәуір бөлігі осы ұйым шеңберінде жүзеге асырылады. Ал Өзбекстанмен екі елдің әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысы әскерлерін бірлесіп пайдалану туралы жеке келісім қолданылады.

댓글
기타 기사