Астанада электрлі аэротакси алғаш рет көпшілікке таныстырылды

64
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/utGNGQnonX2eolXKx4TQoSwNvnuU7UAxWzduqL0w.jpg

Фото: gov.kz

Астанада алғаш рет электр қуатымен жұмыс істейтін аэротаксидің ашық көрсетілімі өтті. Қалалық әуе тасымалын дамытуға бағытталған жоба «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық ойындары аясында таныстырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеп.

Көрсетілімді қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы Қытайдың AutoFlight компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара барысында AutoFlight Prosperity деп аталатын eVTOL (электрлі тік көтеріліп, тік қона алатын) әуе аппараты таныстырылды.

Жаңа әуе көлігі бір ұшқыш пен бес жолаушыны тасымалдауға арналған. Компания болашақта аппаратты толықтай ұшқышсыз басқару мүмкіндігін де қарастырып отыр. Аэротаксидің ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді, ал бір рет қуатталған батареямен шамамен 200 шақырым ұша алады. Ол 13 электр қозғалтқышымен жабдықталғандықтан, дәстүрлі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді және атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды.

Алғашқы демонстрациялық ұшу халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолаушыларсыз өткізілді.

Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясының бас директоры Сергей Хегайдың айтуынша, бұл жоба бір реттік көрсетіліммен шектелмейді.

"Астанадағы бұл ұшу – Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бастамасы. Біздің мақсатымыз – инновациялық әуе көлігін елдің көлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналдыру", – деді ол.

Айта кетейік, жоба биыл маусым айында заңнамалық қолдауға ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электрлі тік көтеріліп, тік қона алатын әуе аппараттарын (eVTOL), вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесін құқықтық тұрғыда реттейтін заңға қол қойған болатын.

댓글
기타 기사