Шекарадағы жемқорлық. Отызға жуық әскери қызметкер ұсталды

179
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9jvyuuJmOPp3WZnhGof83k3s5N5vfEM2GWTLLSCS.webp

Қырғызстанның Баткен облысындағы екі бақылау-өткізу бекетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы операция жүргізілді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

24.kg дерегінше, 27 әскери қызметкер ұсталды. Операция 5 шілде күні кешке Өзбекстанмен шекарадағы «Қадамжай-автожол» және «Чечме-автожол» бақылау-өткізу бекеттерінде бір мезгілде өткен. Оған Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері мен «Альфа» арнайы жасағы қатысқан.

Алдын ала ақпарат бойынша, арнайы жасақ шекара қызметі, кеден және ветеринарлық бақылау қызметінің қызметкерлерін ұстаған. Операция барысында атыс та болған. Мәліметке сәйкес, «Қадамжай» бекетінде кезекшілік атқарған прапорщик арнайы жасақ аумаққа кірген кезде төрт рет оқ атқан, ал тағы бір әскери қызметкер ескерту ретінде ауаға оқ шығарған. Қару қолдану заңдылығы тексеріліп жатыр.

Тінту барысында шекарашылардан 38,5 мың қырғыз сомы мен 5,6 миллионнан астам өзбек сомы тәркіленген. Сондай-ақ кеден қызметкерлерінен 100 мың қырғыз сомы және АҚШ доллары алынған. Тергеу олардың нақты көлемін анықтап жатыр.

Бұдан бөлек, «Чечме» бақылау-өткізу бекетінің екі қызметкері ақша алу сәтінде бейнебақылау камераларына түсіп қалғаны хабарланды.

Ресми мәлімет бойынша, ҰҚК басқармасына «Чечме» бекетінен 11, ал «Қадамжай» бекетінен 16 әскери қызметкер жеткізілген. Сондай-ақ екі АК-74 автоматы, екі оқжатар және 60 патрон тәркіленді.

Тергеу амалдарына байланысты екі бақылау-өткізу бекетінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Соның салдарынан шекарада шамамен 3 мың адам мен 400 автокөлік кептелісте қалған. Кейін «Қадамжай» бекеті арқылы қозғалыс қайта қалпына келтірілді.

댓글
기타 기사