Астанада кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жоба өтті

447
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0HZHBy7WK7AQXWqUE2zKSDg8bcq4C0ncVbHQqaT6.jpg

Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» тақырыбында Aqsham Talks зияткерлік алаңы өтті. Жобаны «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырды.

Іс-шара барысында «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек Aqsham Talks-тың қоғамдағы білім, технология, саясат, кәсіп және тұлғалық даму секілді өзекті мәселелерді талқылайтын ашық пікірталас алаңы екенін атап өтті. Сондай-ақ, бүгіннен бастап «Астана ақшамы» газетінде оқу мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын арнайы Aqsham Talks айдары тұрақты түрде жарияланатынын жеткізді.

Жиында сөз сөйлеген Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп мұндай жобалардың қоғамның рухани дамуына серпін беретінін айтып, мазмұнды кездесулердің көбейе түсуіне тілектестік білдірді.

Кездесуге халықаралық құқық маманы Алмат Игенбаев, жасанды интеллект зерттеушісі Тимур Бектұр, филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы, педагог Ескендір Бестай және сценарист, креативті продюсер Рамазан Фаилов қатысып, кітап оқу мәдениеті мен білімнің маңызы туралы ойларын ортаға салды.

Филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы оқу дағдысын қалыптастырудың ғылыми негізіне тоқталып, баланы кітапқа баулудың ең тиімді жолы – оған кітапты дауыстап оқып беру екенін айтты.

«Бала оқып тумайды, сөйлеп туады. Сондықтан “кітап оқы” дегеннен гөрі, “кел, кітап оқып берейін” деген ұстаным маңызды. Кітап оқып беретін ұлт қана кітап оқитын ұлтқа айналады», – деді спикер.

Жиын соңында қатысушылар оқу мәдениетін қалыптастыру – тек білім беру жүйесінің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екеніне тоқталып, мұндай бастамалардың зерделі ұлт тәрбиелеуге ықпал ететінін атап өтті.

댓글
기타 기사