Конституциядан ығыстырылған "Елбасы" атауы орденде қалды

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YQAFBEFdZlWAV73HXjrorLVxw33zOh7cQunTrYw4.webp

Мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға енгізілетін түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құжаттағы басты өзгерістердің бірі – Конституциядан Елбасы мәртебесіне қатысты нормалар алынып тасталғанына қарамастан, Тұңғыш Президенттің аты берілген орденнің наградалар жүйесінде сақталуы болды.

Алайда орденнің құқықтық мәртебесі өзгерді. Бұған дейін ерекше награда ретінде жеке баппен бекітілген «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені енді жалпы мемлекеттік наградалар тізіміне енгізілді. Заңнан осы орденнің айрықша мәртебесін айқындайтын 12-1-бап алынып тасталып, оның сипаттамасы ортақ 13-3-бапқа көшірілген.

Сонымен қатар заңға үш жаңа орден енгізілді. «AL-FARABI» ордені ғылым мен білім саласына үлес қосқан азаматтарға табысталады. «QOJA AHMET YASAUI» ордені мемлекеттілік, қоғамдық және рухани саладағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Ал «Мейірім» ордені еріктілер, меценаттар мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарға арналмақ.

Түзетулер күштік құрылымдарға қатысты марапаттарға да әсер еткен. Енді «Айбын» орденімен жоғары офицерлік құрам өкілдері де наградталуы мүмкін.

Заңдағы тағы бір өзгеріс – наградалардың атауы енді тек мемлекеттік тілде жазылады. Бұрынғыдай орысша аудармасы жақша ішінде көрсетілмейді.

댓글
기타 기사