Бас сүйекке жасалған ота ауылдағы баланы аман алып қалды

238
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DZsyKIi0o3EqAjiduzl7iSus1rzC3HrEGhUL3YyA.jpg

Маңғыстау облысында нейрохирургия саласында сирек кездесетін әрі аса ауыр операциялардың бірі сәтті жасалды. Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылынан 7 жастағы бүлдіршін жедел-жәрдем желісімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Тұрмыстық жарақат салдарынан баланың басына НКТ темір құбыры құлап, өміріне тікелей қауіп төнген.

Дәрігерлердің айтуынша, бала ауруханаға түскен сәтте жағдайы өте ауыр болған. Науқасқа ашық бас-ми жарақаты, оң жақ төбе сүйегінің бас сүйек негізіне дейін жеткен жаншылған көпжарықшақты сынуы, мидың жаншылуы, пневмоцефалия, ликворея, мидың ауыр дәрежедегі ісінуі, травматикалық шок пен постгеморрагиялық анемия диагноздары қойылған.

Мұндай жағдайлар нейрохирургия тәжірибесінде өте сирек кездеседі. Әсіресе, бас сүйек негізіне дейін жеткен жаншылған көпжарықшақты сынық кезінде науқастың аман қалуының өзі үлкен күреске айналады. Себебі, мұндай жарақатта ми тіндері зақымданып қана қоймай, тыныс алу, жүрек соғысы, қозғалыс пен санаға жауап беретін маңызды орталықтарға қауіп төнеді.

Шұғыл түрде нейрохирург дәрігер Ербол Кенжевалов жетекшілік еткен операция жасалды. Ота барысында бас сүйегіне күрделі трепанация жүргізіліп, жаншылып кеткен сүйек фрагменттері алынып, қатты ми қабығына пластика жасалған.

Дәрігерлердің сөзінше, мұндай көлемдегі әрі бірнеше асқыну қатар жүрген операциялар көбіне республикалық деңгейдегі ірі нейрохирургиялық орталықтарда жасалады. Ал шалғайдағы Маңғыстау өңірінде, оның ішінде балалар ауруханасы базасында мұндай күрделі отаның сәтті өтуі — өңір медицинасының деңгейін көрсететін маңызды оқиға.

Күрделі операция кешкі сағат 21:40-та басталып, түнгі 00:10-да аяқталған. Бірнеше сағатқа созылған ота кезінде дәрігерлер баланың өмірі үшін күрескен.

– Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты. Бүлдіршін есін жиды, өздігінен тамақтанып жатыр. Әке-анасын таниды. Жағдайы тұрақты бақылауда, – дейді нейрохирург дәрігер Ербол Кенжевалов.

Бұл оқиға — аймақтағы медицина мамандарының кәсіби дайындығы мен шұғыл медициналық көмектің мүмкіндігін айқын көрсеткен жағдай. Кезінде мұндай ауыр нейрохирургиялық жарақаттармен науқастарды Астана не Алматыға шұғыл тасымалдау қажеттілігі туындайтын. Ал бүгінде дәл осындай аса күрделі операциялардың Маңғыстаудың өзінде жасалуы — өңір медицинасының жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі.

댓글
기타 기사