Бестөбе төрінде дүбірлі дода

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/STBj3DyF7LmCpW3BeE2Afc3fAc8yjykgWklLEf5p.jpg

«Бестөбе Арена» спорт кешені халықаралық турнирмен ашылды. Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында заманауи үлгідегі «Бестөбе Арена» спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға беріліп, оның ашылуы еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы халықаралық ашық турнирге ұласты.

Еліміздің ертеңі — салауатты ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта бой көтерген жаңа спорт нысаны кент тұрғындары мен жас спортшылар үшін нағыз тарту болды. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Бестөбе кентінің әкімі Сырым Уәлиұлы Қабай мен Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Фархат Байқасов жиналған қауымды жаңа кешеннің ашылуымен құттықтап, бұл орталықтан болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенім білдірді.

Жарыстың ауқымы өте кең. Боз кілем үстінде бақ сынау үшін 2010-2019 жылдары туған 100-ден астам жас балуан жиналды. Турнирге Қазақстанның әр өңірінен келген командалардан бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің өкілдері қатысуда. Бұл жасөспірімдер арасындағы спорттық байланыстың нығайып, еркін күрестің халықаралық деңгейде насихатталуының айқын көрінісі болса керек.

Турнирдің басты мақсаты — өскелең ұрпақтың спортқа деген құштарлығын ояту, шеберліктерін шыңдау және өңіраралық достықты нығайту. Жарыстың алғашқы күні өте жоғары деңгейде өтті. Жас балуандардың бойындағы жеңіске деген жігері мен қайсарлығы көрермендерді тәнті етті. Әр белдесу тартысқа толы болып, жас спортшылар өздерінің техникалық дайындықтары мен тактикалық әдістерін паш етті.

Турнирдің бірінші күні сәтті аяқталып, алдын ала іріктеу кезеңдерінен өткен үздіктер анықталды. Ертең жарыстың ең қызықты кезеңі — финалдық белдесулер жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы кубоктар, медальдар мен бағалы сыйлықтар күтуде.

Бұл шара тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жергілікті халықтың рухын көтеріп, жастарды бірлік пен төзімділікке тәрбиелейтін үлкен мерекеге айналды. «Бестөбе Арена» кешені алдағы уақытта да талай ірі додалардың орталығы болатыны сөзсіз. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз, ертеңгі күн жаңа есімдер мен жарқын жеңістер сыйласын!

댓글
기타 기사