«Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!..» Соғыс көрген қаламгерлер қалжыңы

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/z3j3HdELW10PcTISQ1XFCrVsreZMvOfHEd6oDXbq.png

Фото: ЖИ көмегімен дайындалды

Екінші дүниежүзілік соғыс бұрынғы совет елдерінде «Ұлы Отан соғысы» аталды. Осы соғысқа қатысып, майдан кешкен ақын-жазушылардың өзара қалжың-қағытпаларынан топтама ұсынып отырмыз.

«ҚҰНЫ ӨТЕЛГЕН» ШУМАҚ

Тумасынан тентек, тура мінезді Шәкір Әбенов 1938-1939 жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы болады. Екі ақын да ара арасында сөзбен қағысып қалады екен. Шәкірдің мұнысын шам көрген кейбіреулер оны Жамбыл ақсақалға жамандай беріпті. 

Ақыры олар Шәкірге қол тигізіп, соңына «үндеместі» салады. Мұны білген Шәкір қашып кетеді. Пішпек жақта жүргенін біреу көріп қойып Алматыға алдырады. Мұнда да тыныштық болмағасын ауылға кетеді. Ақыры сол қуғыннан құтылмай түрмеге қамалады.

Соғыс басталғанда түрмеден «айып батальонына» сұранып, майданға барып, жараланып қайтады. Онда да колхоздың бастықтарын сынап, оларға жақпай жүреді. Сол кезде Жамбыл қайтыс болды дегенді естіп, біреулер «өлең шығар» деп қолқа салады. 

Ішінде қыжылы бар Шәкір: «Әй, мені қинамаңдар. Қыжылым бар. Сендерге жақпайды, ал өтірік көлгірси алмаймын», - десе қоймапты. Сонда Шәкір:

Өлеңді мен айтпаймын кекесіннен,

Айтамын бірер сөздің есесінен.

Отыз жыл Сталин деп бақылдаған,

Айрылды Қазақстан текесінен, - деген екен. 

Мұндай сөз жата ма, араға біраз уақыт өткен соң соңына қудалау түседі. Содан тағы да он жылға сотталып кете барады. 

Біздіңше, бұл Жамбылды мұқату емес, оның өзімен қақтығысып үйренген қарсылас ақынның сөзі деп түсінген жөн. Екінші, сол сөз үшін жазасын алған, «құны өтелген» шумақ болса керек. Ондай мінез, Жәкеңнің өзінде де болған ғой. Біз тек сөздің атасы өлмесін деп келтіріп отырмыз.

«ШЕГІНУ ДЕГЕН БОЛМАСЫН»

Кубаға барғанда бір күні Бауыржан Момышұлы сол елдің әскер басшыларымен, генералдарымен кездесіпті. Олар өздерінің әскери жарғысымен таныстырады. Жарғының бір бөлімі шегіну туралы екен. Баукең оларға:

— Сіздердің жарғыларыңызда шегіну деген болмау керек, алақандай аралда отырған елдің әскері шегінгенде қайда барады, мұхитқа кұлай ма?! Біздің кең байтақ Отанымыздай болса, бір сәрі, — шегіне жүріп, маневр жасай беретін, - депті.

АЛҒЫ СӨЗ

Бауыржан Момышұлына бір жазушы:

— Бәуке, Москва маңындағы шайқастар туралы кітап жазып едім, үстінен қарап шықпас па екенсіз. Содан соң екеуміз соавтор болсақ, - деп тілек білдіріпті.

— Дурак, - депті Бәукең шарт сынып. — Ішінде бір сөйлемім жоқ, мен қалайша соавтор болмақпын. Одан да алғысөз жазып бер демейсің бе?!

ТАКТИКА 

Егделеу жазушы Бауыржанға жолығып:

— Бәуке, мені Мұхтарға мақтапсыз, рақмет! - депті. Бауыржан:

— Басқаларға айтып жүрсін деп мақтадым, - дейді.

 Әлгі жазушы:

— Түсінбедім, - депті.

— Тактика, бәтенке, тактика!

— Қандай тактика?

—  «Таспен ұрғанды, аспен ұр» деген тактика, енді түсіндіңіз бе?!- депті сонда Бәукең.

«БІР АДАМ ЕКІ АРЫСТАНМЕН АЛЫСА АЛМАЙДЫ»

Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 80 жасқа толуына арнап, батырдың жары Жәмила Алматыдағы «Әсем» тойханасында үлкен той жасайды. Тойда Әзілхан Нұршайықов белгілі режиссер әрі сөз шебері Асқар Тоқпановпен қатар отырып қалады. Өзіне сөз кезегі тигенде Тоқпанов тойға келгендердің біразын мінеп, шенеп, ешкімнің атын атамай, шетінен сыбап шығады. Асекеңнің оспадар мінезін білетін жұрт үн-түнсіз отыра береді.

Режиссер орнына отырғаннан кейін қоразданып, жазушыға қарай бұрылып:

— Сен Бауыржан туралы тәп-тәуір кітап жаздың. Бауыржан сияқты мен де тура, тік айтамын, тіліп түсемін, оны өзің де білесің. Көрдің ғой, осында отырғандарды сойып салдым, әнеки. Ендеше, осы мен туралы неге кітап жазбайсың? - дейді әзіл-шыны аралас.

Сонда Әзілхан сәл жымиыпты да:

— Бір адам екі арыстанмен алыса алмайды ғой, Асеке, - деп жауап беріпті.

ТАРИХТЫ СӨЗ ЕТКЕНДЕ

Бір тарихшы қазақ деген елдің XV ғасырдан бері ғана белгілі екендігін айтып, басқалай деушілерге бой бермепті. Сонда Бауыржан Момышұлы:

— Менің арғы әкем Құли деген кісі XV ғасырда өмір сүрген. Сонда, сеніңше, Кұлидан бұрын қазақ болмаған ба? Кұли қазақтан тумаған ба? - деген екен.

ӨКПЕ

Бірде ақын Мұқағали Мақатаевты Жазушылар одағына шақырып алып, секретариатта тәртібін талқылап, жан-жақтан жабыла жамандап, Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып жібереді.

Қатты ренжулі Мұкағали жоғарғы кабаттан төмен түсіп келе жатса, алдынан Бауыржан Момышұлы кездесіп қалады. Сонда Мұқаң:

— Аға-ай, Москваны немістерден қорғағанда, жалғыз ініңді жазушылардан қорғауға жарамадыңыздар-ау! - деген екен.

БҰЙЫРМАҒАН ЕТ

Бастықтың үйінде бес-алты қария бас қосып, шай ішіп отырады. Селдір мұртты, жағына пышақ жанығандай жасамыс біреуі білгірсініп, ерсілі-қарсылы әңгіме соғып отырады. Бір уақытта ол:

— Бауыржан дегенді ел батыр дейді, өзі бұзық, тентек болса керек. Кездескен адамға «дурак» дейді екен. «Бауыржан батыр деген атағым бар,Бес қатын алды деген шатагым бар», - деп өзі де айтады. Біреудің қатынын тартып алыпты дей ме, газетке жазылған деп жүр ғой жұрт... соғыста бір солдатын атып тастаған дей ме, немене?.. - депті көлгірсіп.

Осы кезде шыдамы таусылған үй иесі:

— Ақсақал, өзіңіз Бауыржанды көрдіңіз бе? - деп сұрайды.

— Жоқ.

— Соғыста болдыңыз ба?

— Жоқ.

— Кітабын оқыдыңыз ба?

— Жоқ.

— Олай болса тыңдаңыз, мен сол Бауыржанның жақын інісімін. Сіздің қатын өсегіңізге, қаралағаныңызға ашуым келіп отыр. Ақсақалдар, бұл адамға не десем болады? - дей бергенде, келіншегі буы бұрқыраған тай етін әкеле беріпті. Сол заматта әлгі қужақ өсекші үйден зыта жөнеліпті. Өзге қариялар:

— Қап, мынау тай етінің әлгі байқұсқа бұйырмағанын-ай, тегі етке де қаратпай үйден түріп шыққан Баукеңнің қасиеті болар! - деп кеңкілдесіп, күліп жіберіпті.

ҚАСЕКЕҢНІҢ ҚОЙ СОЮЫ

Әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов бозбала күнінде қазіргі бәйбішесі Асыл апамызды он алты жасында алып қашқан екен. Қасекең ол кезде от алып ораққа түскен өжет жігіт болса керек. Содан қайын жұртына әне барам, міне барам деп жүргенде соғыс басталып кетеді. Сөйтіп Касекең қайын атасының алдынан да өтпей майданға кете барады. Соғыста дүркіреп атағы шығып, батыр партизан атанып, екі омырауы орден мен медальға толып, соғысты тәмәмдап аман-есен үйге оралған соң, келіншегі екеуі қайын жұртына жиналады. Бұрынғы тентек күйеуді, кейінгі батыр күйеуді қайын атасы да жақсылап күтіп алады. Кұйрығы төңкерілген қазақы ту қойды алдырып:

— Ауылда мал соятын еркек кіндікті қалмады. Күйеу, сен тұрғанда, енді қойды мен соям ба? Бауызда мынаны, - деп қайын атасы Қасымның қолына пышақ ұстатады.

— Құп болады, - деп Касекең пышақты алады да, қойдың аяғын да байламастан жерге алып ұрып, тізесімен басып тұрып тамағын осып-осып жібереді. Ұят болғанда пышақ өтпейді екен, қарулы қолмен екі рет осқанда кеңірдегін ғана кеседі.

— Мынау пышақ емес, тесе ғой, - дейді де, Қасекең пышақты былай лақтырып жіберіп, тыпырлап жатқан қойдың басын екі бұрап жұлып алыпты. 

Батыр күйеуді көруге жиналған бала-шаға, көрші-қолаң оның мына қылығын көргенде у-шу болып қаша жөнеліпті.

Қаперінде дәнеңе жоқ Қасекең:

— Пах, мына қойдың басы пәшестің басынан да мықты екен, - деп, алақанын сүртіп, орнынан тұра беріпті.

ҚАСЫМҒА КӨҢІЛ АЙТУ

Әйгілі партизан-жазушы Касым Қайсеновтың әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп қайтыс болады. Бұл хабарды естіген соң Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан сондағы көңілі мынау екен:

Жасады әкең бір өмір ғасырындай,

Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!

Жылама, жасыңды тый, балалар мен

Жұбайың аман болсын, Асылыңдай!

БИІКТІК 

Отан соғысының әйгілі партизаны Қасым Қайсенов бірде өзінің жеке меншік мәшинәсімен тау бөктеріне қарай серуенге шығыпты. Адам бейнет шегейін десе аяқ астынан емес пе, бөктер жолмен келе жатқан машина 3 метр терең жарға аунап кетеді. Абырой болғанда Қасекең қатты жарақаттанғанмен тірі қалады. Қып-қызыл ала қан болып емханаға түседі.

 Мұны естіп, жылап-еңіреп құрдасы Сырбай Мәуленөв жетеді ғой. Сырбай мән-жәйді, қалайша мұндай кейіпке тап болғанын сұрайды. Қасым рухы берік жан ғой. Егіліп отырған Сырбайға сыр білдірмей, қарабайырлап жағдайды айта бастайды: «Содан ойда жоқта 3 метр құлама жардан аунап-ақ кеткенім!» - депті.

Сонда күйзеліп отырған Сырбай көзінің астымен сүзе бір қарап алып:

 — Бәрекелді, Қасеке-ау, сіздің дардай атыңызға 3 метр деген ұят қой. Бұл сөзіңізді мен ғана естиін. Менен басқаға 30 метрден құладым деңіз,- деген екен.

Кейін Қасекең жазылып шығады. Күндердің бір күнінде Сырағаңды көшеде мотоцикл қағып кетіп, ауруханаға түседі. Мұны естіп енді Қасым көңіл сұрай келеді.

Көңіл сұрап отырып Қасекең:

 — Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқаға айтпа, ұят болады! Түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қақты деген не сұмдық. Сен жұртқа КАМАЗ қағып өтті де, сонда жарасады,- деген екен.

ТАПҚЫР ЖАУАП

Белгілі ғалым, Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин 1946 жылы демократияшыл жастардың бүкіл дүниежүзілік федерәтциясының құрылтай мәжілісіне қатысу үшін Англияға барған сапарында бір топ ағылшын:

–  Сіздер неге құдай жоқ дейсіздер. Біздер, ағылшындар бұған мықтымыз. Ағылшындар дінге берік!- деп өзеуреп қоймапты.

 Сонда Мәкең:

–  Сіздер өздеріңіз қарсы шығып тұрсыздар! - дейді.

–  Қалайша?

–  Сіздердің Чарлз Дарвин деген ғалымдарыңыз болған жоқ па еді. Шамаларыңыз келсе, алдымен сол кісімен дауласып алыңыздар, - деген екен сонда Мәкең.

Өзеуреген ағылшындардың ауыздарына құм құйылыпты.

«АСЫҒЫС СӨЗДІҢ АСЫЛЫ АЗ»

– Панфиловшылар паркінде орнатылған Тоқаш Бокин ескерткішіне қалай қарайсың? - деп сұрапты жазушы Өтебей Қанахин қапталдас келе жатқан майдандас досы ақын Мұзафар Әлімбаевтан жәдігердің жанына жақындап келгенде. Сонда Мұзағаң:

– Асығыс сөздің асылы аз…Бізде юбилей алдында қарбалас-жанталасқа түсіп, шығармалар тудыру әбден жаман әдетке айнал-ғалы қашан? Содан да, мәселен, мүсінші тойға дейін қайтсем де үлгерейінші дейді де, жан жүрек тебіренісімен іздену орнына жанталасқа түседі. Мына мүсіншінің сөйткені көрініп тұр, - деген екен.

КҮРЕС ЖОЛДАРЫ

Бірде ақын Тоқаш Бердияров бір топ жолдастарымен бас қосып отырып:

— Соғыс болса екен! - депті.

— Тоқа-ау, мұныңыз қалай, өзіңіз соғысқа қатысып, жарты жаныңызды беріп қайтқан жоқсыз ба, қайдағыны айтқаныңыз неғылғаныңыз! - деп жігіттер үрпиісіп қалады. 

Сонда Тоқаш:

— Әрине, соғыс жақсы емес қой, бірақ соғыс болса біраз ататын кісілерім болып жүргені! - депті. Осы әңгімені естіп отырған ақын Өтежан Нұрғалиев мырс-мырс күледі де:

— Тоқа, әлі романтик екенсіз, - дейді.

— Неге олай дейсің? - дейді Тоқаш.

— Өйткені, олай күресуге болмайды. Соғыс болса сіз атамын деп нысанаға алып жүрген адамдар тылда қалады да, өзіңіз тағы да алдыңғы шептен бір-ақ шығасыз. Жоқ, олай күресуге болмайды. Мен олай күреспес едім. Мен көшеде, автобус ішінде, асханада, трибунада, моншаның ішінде, тіпті қажет болса туалет ішінде де күресер едім. Сіздің айтып отырғаныңыз індет қой. Індетпен кез-келген жерде күресуге тура келеді. Өйтпесе сіз майдан алаңын сайлап жүргенде әлгі індет қойны-қонышыңызға толып, қашып құтыла алмайтын боласыз, - деген екен Өтежан.

«ӨЛЕТІН HEMIC...»

Жазушы Жекен Жұмақанов соғыс кезінде дивизиялық газеттің тілшісі болған. 1943 жыл. Алғы шепте жүреді. Шайқас арасында қасындағы қазақ жауынгері екеуі бір неміс солдатының бейітті пана тұтып, бүгежектеп бара жатқанын көреді.

— Өй, мынау қайда жүгіріп бара жатыр? - деп жолдасы винтовкасын алып басып салады.

Сонда Жәкең:

— Өлетін неміс молаға қарай жүгіреді,- деген екен.

«ӨЛІ СТАЛИННЕН ТІРІ СЕЙІТ АРТЫҚ»

Жазушы Сейіт Кенжеахметовтің үйдің төрінде бұрын И.Сталиннің суреті ілініп тұрады екен. Кейін балалары сол суреттің орнына әкелері Сейіттің суретін іліп қойыпты. 

Мұны байқаған жолдастары «мына жердегі Сталиннің суреті қайда?» дегенде Сабыржан Шүкірұлы:

— Оны сұрап қайтесің, өлі Сталиннен тірі Сейіт артық қой, - деген екен.

Дайындаған Мақсұтхан Аманжанұлы

댓글
기타 기사