Астанада Назарбаев университетіне тиесілі пәтерлердің бірінен атыс қаруы табылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қала полициясы қоғамда кең резонанс тудырған оқиғаға қатысты мән-жайды нақтылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеуге негіз болған жайт — депутат Мұрат Әбеновтің мәлімдемесі. Ол «қару арсеналы табылғанын» және шетел азаматтарының ұсталғанын хабарлаған. Алайда құқық қорғау органдары ұсталғандар туралы ақпаратты жоққа шығарды, бірақ қарудың табылғанын растады. Алдын ала дерек бойынша, тәркіленген заттар тарихи құндылығы бар антикварлық қару болуы мүмкін.
Қылмыстық істі 21 сәуірде Сарыарқа аудандық полиция басқармасы тіркеген. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі (атыс қаруын заңсыз сақтау) бойынша жүргізілуде.
Бұл бап бойынша ірі көлемде айыппұл салудан (19,6 млн теңгеге дейін) бастап, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттің өзіне тексеріс жүргізуге негіз жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, университет қызметтік тұрғын үйді өз қалауынша пайдаланып, жалға беруге құқылы.
Айта кетейік, қазіргі таңда полиция тергеу кімге қатысты жүріп жатқанын нақтыламай отыр.
