2026 жылдың қаңтар–наурыз айлары аралығында Маңғыстау облысындағы ауруханаға терезеден құлап кеткен сегіз бала жеткізілген. Олардың екеуі жоғарғы қабаттан құлау салдарынан көз жұмды. Бұл туралы Lada.kz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Құтқарушылар ата-аналарды қауіпсіздік шараларын күшейтуге, жауапкершілікті арттыруға және тұрғын үйлердегі терезелерді қорғау талаптарын қайта қарауға шақырады, деп хабарлайды
Құтқарушылардың айтуынша, жаз мезгілі жақындап келеді – бұл кезеңде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет.
“Демалыс уақытында балалар көшеде, Каспий теңізінің жағалауында және үйде көп уақыт өткізеді, осыған байланысты түрлі төтенше жағдайлардың қаупі артады. Сондықтан өрттің алдын алу, судағы қауіпсіздік және терезеден құлаудың алдын алу аса маңызды”, - деді құтқарушылар.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне ересектердің бақылауының жеткіліксіздігінен немесе қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болады.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айлары аралығында облыстық балалар ауруханасына терезеден немесе биіктіктен құлау салдарынан жарақат алған 31 бала түскен. Бір жағдайда бала үшінші қабаттан құлап, қайтыс болған.
“Зардап шеккендердің көпшілігінде ауыр жарақаттар – сүйек пен бас сүйек сынуы, ми шайқалуы, травматикалық шок тіркелген. Көбіне құлау 2–5 қабат биіктігінен орын алған. Кей жағдайларда балалар москит торына сүйеніп, соның салдарынан қайғылы жағдайларға тап болған. 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының өзінде «терезеден құлау» диагнозымен сегіз бала ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі жоғарғы қабаттан құлап, қайтыс болды. Қалғандары ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде ем қабылдаған – оларда көп жарақат, бас-ми жарақаты және есінен тану белгілері болған. Бұл деректер қауіпсіздік шараларын күшейту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және тұрғын үйлердегі терезелерді қорғау талаптарын қайта қарау қажеттігін көрсетеді,” – дейді мамандар.
Сарапшылар әрбір статистикалық деректің артында бір баланың тағдыры мен отбасының қайғысы тұрғанын атап өтеді.
“Көп жағдайда мұндай оқиғалар балалардың терезе жанында ойнауы немесе жақын тұрған жиһазға шығып кетуі салдарынан болады. Әсіресе кішкентай балалар осал келеді – олар москит торына сүйеніп, сыртқа құлап кетуі мүмкін. 2025–2026 жылдар статистикасы көрсеткендей, тіпті 2–3 қабаттан құлау да өлімге немесе мүгедектікке әкелуі мүмкін. Естеріңізде болсын: москит торы қорғаныс құралы емес! Ол тек жәндіктерден қорғауға арналған және баланың салмағын көтере алмайды”, – деп ескертеді құтқарушылар.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын (блокираторлар, ашылуын шектейтін құрылғылар) орнатуды және балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауды ұсынады.
“Ең бастысы – балаларды үнемі бақылауда ұстау. Оларға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, суда өзін қауіпсіз ұстауды үйретіп, терезелердің қорғалуын қамтамасыз ету маңызды. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауда ата-аналардың жауапкершілігі мен қырағылығы шешуші рөл атқарады”, – деп қорытындылады ведомство.
Еске салайық, өткен жылы сәуір айының алғашқы аптасында ғана тұрғын үйлердің терезелерінен құлаған үш кішкентай бала ауруханаға жеткізілген.
