Дәрігер көмегінен бас тартқан. Спортшының өліміне қатысты тергеу басталды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hBv6saIbXMJeRwkCQ5O4ld8EEns2R3BT3XiJtxf2.webp

Талдықорғанда 23 жастағы спортшы Аян Тұрдыбектің қазасына байланысты мән-жайлар тексеріліп жатыр, деп хабарлайды “Адырна”.

Марқұмның құрбысы Гүлім Бектұрғанованың айтуынша, Аян алғаш өзін жайсыз сезінген кезде жедел жәрдем шақырылған. Келген дәрігерлер оны қарап, тамағы қабынғанын анықтап, дене қызуын түсіретін дәрі қабылдауға кеңес беріп, кетіп қалған.

Алайда біраз уақыттан кейін бойжеткеннің жағдайы күрт нашарлаған. Жақындары оны өздері ауруханаға апарғанымен, туыстарының сөзінше, көпбейінді аурухана қабылдаудан бас тартып, облыстық ауруханаға жіберген.

Облыстық ауруханада науқастың жағдайы инфекциялық деп бағаланып, инфекциялық ауруханаға бағытталған. Ол жерде Аянға екі рет тамшылатқыш қойылған. Бастапқыда жағдайы жақсарғандай болғанымен, кейін өңі бозарып, еріндері көгере бастаған.

"Кейінірек науқас облыстық инфекциялық ауруханаға өз бетімен жүгінген, онда оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жату ұсынылған. Алайда ол емделуден бас тартып, тиісті құжатқа қол қойған", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлов

Құрбысының айтуынша, Аян ауруханада қалудан бас тартып, өз еркімен жазбаша түрде бас тарту құжатын толтырған. Алайда сол түні оның жағдайы қайтадан күрт нашарлап, жедел жәрдем қайта шақырылған. Дәрігерлер оны облыстық ауруханаға жеткізгенімен, ол есін жимастан көз жұмған.

Туыстары медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмегенін айтып, дәрігерлердің салғырттығы болуы мүмкін екенін алға тартады. Сонымен қатар, өлім қорытындысында «белгісіз заттан улану» деген болжам көрсетілгенін мәлімдеген.

Өз кезегінде Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы 9 сәуір күні сағат 18:16-да Аян Тұрдыбекке алдын ала «жіті респираторлық вирустық инфекция» диагнозы қойылып, тиісті ем тағайындалғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, кейін ол өз бетінше облыстық инфекциялық ауруханаға жүгініп, қажетті медициналық көмек алған. Дәрігерлер стационарлық ем ұсынғанымен, науқас одан бас тартып, тиісті құжатқа қол қойған.

Сондай-ақ түнгі сағат 03:49-да жедел жәрдемге қайта шақырту түскен. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, науқасты облыстық ауруханаға жеткізгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Қазіргі уақытта полиция аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Айта кетейік, Аян Тұрдыбек көзі тірісінде күреспен айналысып, самбодан аймақтық жарыстарда өнер көрсеткен.

댓글
기타 기사