Наурыздың тарихы тереңде

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EXQNFE19lJmIO8qDDBs67mxajiSev6IZfOrTlcOc.jpg

Бес мың жыл тарихы бар Наурыз мерекесі Иран, Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстантағы басқа  елдерінде мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. 

Бұл мейрамның  халықтар арасындағы кең таралуы және оның ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі оның дүниежүзілік маңызын айғақтайды. Әлемдік мереке ретінде Наурыз 2009 жылы 30 қыркүйекте осы ұйымның шешімімен Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізді, ал 21 наурыз «Наурыздың халықаралық күні» ретінде бекітілді.

Қазақ жеріндегі Наурыздың тарихыныңзерттелуі көне заманнан бастау алады. Белгілі тарихшылар М. Қожа мен  А. Нұржановтың «Наурыз – қазақтың ежелгі мейрамы» мақаласында осы мәселеге назар аударылады: «...1977 жылыбиология ғылымының докторы П. Мариковский Қазақстан жеріндегі көне астрономиялық құрылыстар атты зерттеуді жария еткен болатын. Ол Алматы облысы және Орталық Қазақстанда тапқан тас құрылыстарға геологиялық өлшемдер жүргізгенде төрт бағытта жасалған белгілердің бірі дәлме-дәл 21 наурыз күні (күн тоғысы) Күннің шығатын бағытын көрсететінін, қалғандары күзгі теңесуге, яғни 21 қыркүйектегі, үшіншісі 21 маусымдағы, төртіншісі 21 желтоқсандағы Күн шығу бағыттарын белгілеп тұрғанын анықтады.  

Ғалымның пікірінше, бұл астрономиялық құрылыстар б.з.д. VІІ-VІ ғғ. мен б.з. V ғ. аралығында салынған. Аталған көне құрылыстарды тұрғызғандар дәлме-дәл 21 наурыз күні (күн тоғысы) Күннің шығатын бағытын көрсетіп белгілегеніне қарағанда олар «жыл басы Наурыз мейрамы екенін білдіріп отыр» дейді археолог-ғалымдар.  

Бұрыңғы есепшілер көбінесе аспандағы Үркершоқжұлдызының орналасуына байланысты жорамал жасайтын. Мысалы, күз басталғанда шығыста көрінген Үркер, қыс келуімен төбеден, ал көктем басында аспанның етегіне ауысып, жазға қарай көзге көрінбеген. Осы соңғы кезеңді қазақ  жазғы шілдеге келтіреді. Үркердің көзден ғайып болатыны – Күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Қазақстанның кейбір жерлерінде  Үркердің кос жұлдызы бұқаның мүйізі батқан күннің екі жағынан қылтиып көрінеді. Осыған орай кейбір зерттеушілер еліміздің көптеген жартастардың петроглифтерінде мүйізді Күн Көкөгізді көруге болады дейді.

Орта ғасырларда Наурыз қазақ жерінде кеңінен тарағаны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан білеміз: «...Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұқар мен Қоқанда да болмаған! Қайда атақты асқан бай болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» деп, басын сақтап қояды».

Негізінде, Наурыздың тарихына байланысты «Наурызнама» және «Салнама»  деген ортағасырлық  жазба деректерге сүйенсек «Наурызнама» -Наурыз аптаның қай күніне келсе, сол жылы қандай оқиғалар болатының болжайды. Ал «Салнамада» Наурыз қай мүшел жылы кірсе, сол жылы туралы айтылады. Мәшһүр-Жүсіптің жазбаларынан Қазақ даласында осы деректер ежелден белгілі екенін анық көрінеді.  

ХІ-Х ғасырларда өмір сүрген ғұлама Хакім Әлі Термізидің «Наурызнама» қолжазбасы алғашында арабша жазылған. Бұл қолжазба Ташкентқаласында 1915 жылы жарияланған «Түрік тіліндегі рисалар жинағында»  жарық көрді. Әлі Термізидің осы еңбектің мақсатын анықтайтын сөздеріне көңіл бөлсек: «...Өмірімнің көбін аспан ілімі мен жұлдыздар әлемін зерттеуге жұмсадым. Аспан жұлдыздардың орналасуын, Күннен қуат, нұр алып, оны айналушы алып денелерінің шығу, бату, көріну, көрінбеу сәттерін, олардың дүниеге деген әсер-ықпалын, Наурыздың келіп-кіруіне байланысты  сол жылда болатын  оқиғаларды болжадым, оларды жұртшылыққа хабардар еттім».

Хакім Әли Термізи сексенге жуық ғылыми еңбектер жазған  атақты тарихшы, философ, дінтанушы екені баршаға мәлім. Арабша жазылған «Наурызнамасы» сол елдің патшасының өтінішімен жазғанын айтып, кітаптың басында патшаның сөзін келтіреді: «Сіз бізге өміріңіздін тәжірибеңізден туған жайлар және де тылсым, ғайыпта да, жүзбе-жүз де, тіпті қияметке дейін де сізден табылып, кейінгілерге мұра, өсиет болып қаларлық дүниелер болса».   

«Салнаманы» көпшілікке жеткізу мақсатымен әр-бір күнге тоқталсақ жексенбіден бастайық.  Биылғы Наурыз жексенбіге келгендіктен Хакімнің  «Наурызнамасынан» үзінді келтірсек: »...Егер наурыз жексенбі күні кірсе, онда ол Күнге қарайлас, орайлас болады. Бұл жылы жеміс-жидек көп өніп, қылмыс-қиянат, жамандық аз болып, керісінше, ел тоқшылық, молшылыққа кенеледі. Әсіресе таулы жерлердегі егін бітік өсіп, диқандардың жолы болады. Жыл басында арзаншылық, бірақ жыл аяғында қымбатшылық бел алып, мұның өзі уақытша, тез өтеді. Халық арасында қарама-қайшылық өріс алады. Күншығыс жақта қылмыс-қиянат пен қантөгіс болып, бұл ауырлықтың арты қайырлы болады. Егінді ерте еккен жөн..

Наурыз күні дүйсенбіге келсе, онда жауын-шашын көп болады, жеміс-жидек мол, тоқшылық болады. Бұл жыл патшаларға қауіптірек, саудагерлерге де оңай болмайды. Мақта егіні жақсы, ал күнжіт, тары орташа өнім береді. Қар мен жаңбыр жыл басында көбірек болады. Таулы жерлерде зілзала болады. Қауын, қиярға суық ұруы ықтимал. Бидай дәні тәтті болып, тез піседі. Зағиптардың жағдайы жаман болмайды.

Сейсенбіге келген Наурыз Марсқа байланысты. Бұл жылы мереке-мейрам көбейеді, азық-ауқат мол болады. Адамдар арасында ұрыс-керіс те аз болмайды. Ерте егілген егін жақсы өнім береді. Жауын-шашын аз болғанмен, кейбір жерде сел қауіпі күшейеді. Табиғи шөп көп өседі.

Меркурий билеген сәрсенбі күнгі Наурыз жылы ашаршылық, қымбатшылық, қылмыс-қиянат молынан болады. Бірақ ұзаққа бармайды. Қауын-қарбыз, қияр көп, ал арпа, бидай қымбаттайды. Жылан-шаян, құрт-құмырсқа көбейеді. Жас балалар мен зағип жандар арасында өлім-жітім жиіленеді. Ел арасында көз ауруы жайылады.

Бейсенбідегі Наурыз Юпитердің билігіндежаңбыр дер мезгілінде жауып, қар суы ағын-төгін болады. Мұхиттарда жел-дауыл бәсендейді. Халықарасында жалған сөздер етек алып, науқас адамдар көбейеді.

Жұма күні кірген Наурыз Шолпан жұлдызымен байланысты. Берекелі, мерекелі жыл болады.Жауын-шашын көп, күн суық, қыс ұзақ. Келер күнге артық астық сақтаған жөн. Жыл басы мен ортасында зат бағасы арзандайды, тыныштық орнығады.

Сенбі күнгі Наурыз Сатурнге байланысты. Шаһарлар мен аймақтарда қымбатшылық бел алады. Жауын-шашын, қантөгіс аз болмайды. Жыл аяғында күн суытып, қыс ұзаққа созылады».

«Наурызнаманы» Әли-Термізи өзі былай сипаттайды: «Мұны кім оқыса да пайдалы, себебі ол бұдан соң тосын тауқыметке душар болмайды. Қанша заман өтсе де бұл нұсқалы дүние ескеріп, көңілден тыс, көзден таса қалмайды...»

Атақты селжұқ сұлтаны Мәлік шаһ пен уәзірі Низам-ул-мүлік Омар Хайям бастаған бірқатар ғалымды обсерватория салуға және медреселерде астрономия пәнін терең оқытуға шақырады. Мәлік шаһ билігі кезінде селжұқтар империясы ең жоғарыкүшке жетті. 1079 жылы күнтізбелік реформажүргізді.

Алайда, шаһ пен уәзірдің мезгілсіз қазасына байланысты бұл істер тоқтап қалады. Кейінгіге өнеге үшін Омар Хайям «Наурызнама» рисаласын жазып шығады. Наурыздың шығу тарихы, тойлануы және осыған байланысты аңыздар, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы жазылған.

Омар Хайям бұл күнді мерекелеуді былайша сипаттайды: «...Патшалардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу. Кімде-кім наурызды мерекелеп, тойлап, қуанышты, көңілді жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бақуат ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген» .

«Салнаманың»  тарихын Омар Хайямның осы «Наурызнама» рисалар  жинағында парсылық және үнді ғалымдарының аспан денелерінің өзара орналасуы мен бір-біріне тигізетін әсерін зерттеудін нәтижесі деп жазады. «Салнамада» берілген жылдардың аттары: Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Балық, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз болып белгіленген. Мүшел жылы 21 наурызбен ашылады және де жыл басы, жыл ортасы, жыл аяғы деп үшке  бөлінген.

Биылғы Жылқы жылы сол «Салнамада» қалай сипатталады: «...Патшалар арасында ұрыс-керіс, қантөгіс көп болады. Қысы мен жазы орташа болып, астық пен ауқат жетерліктей жиналады. Бірақ жан-жануарлар арасында өлім-жітім көбейеді. Қыс аяғы созылып, кемелер емін-еркін жүзеді.

Жыл басында туғандар азап пен машахат-мехнатты көп көргенімен, патшаларға ақыл-кеңесімен жағады. Жыл ортасында туғандар пейілді, мейірлі келеді. Ал жыл аяғында туғандар уайымшыл, қайғы-қасіретшіл, томаға-тұйық келеді...

Тышқан жылы кірген Наурыз  жылы қыс, жаңбырлы жаз, шаруаға жайлы болады. Шыңыста жақсылық, батыста қолайсыздар орын алады.Өлім-жітім көбейіп, жыл аяғында қауіп-қатер басылмайды.Жылдың басында  дүниеге келген перзент зерек, кеңпейіл, дәулетті болар.Жыл ортасында дүниеге келген бала айлакер, қызғаншақ келер. Жылдың соңың ала келген бала өтірікші болады.

Наурыз Сиыр жылы кірсе қыс құбылмалы, қысқа болады. Ұиянат-қылмыс көбейіп әбігерге салады. Жыл аяғы тыныштық әкеледі. Жылдың басында дүниеге келген бала зерек, діндар, сергек болса, кейіндегілер жағымды, жайдары келер. Жыл аяғында өмірге келген сәби уайымшыл, күдік-күнәмшіл келеді...»

Осылайша «Салнама» әр мүшел жылды сипаттайды. Мәшһүр-Жүсіптің әңгімесіндегі қожалардыңдәл осы «Салнаманы» оқып, жорамалдау жасағаны  сөзсіз.    

М. Қожа мен А.Нұржановтың аталған мақаласында келтірілген  тағыда бір дерекке көз тіксек: »... Наурыз туралы құнды мәліметтерді 1927 ж. М.Әуезовтың кітабынан табамыз. Онда құшақтасып көрісумен, жақсы тілектер айтумен, қазан көтеріп арнайы тамақ беруден басқа деректерде айтыла қоймайтын мына рәсімдер айтылды: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «Таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» «деп аластау – барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрін де ескі күннің сарқыты қалуы мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. ... Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған».

Наурыз мерекесі туралы сөз болғанда  мәдениеттанушы Серік Ерғалидің пікіріне көңіл бөлсек: »... Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар. Осы гуілді наурыздың 22-не дейінгі үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз: «Әз болмай, мәз болмайды», деген тәсіл қалдырған».

Адамзат өркениетінің Жана заманында да Алаш зиялылары  Наурыз тақырыбын тыс қалтырған жоқ. Алғашқы қазақ баспасөз басылымдардың бірі «Қазақ» газетінде Әлихан Бұкейхановтың, Мыржақып Дұлатовтың, Сәбит Дөнентаевтың және басқа да ақын-жазушылардың, саяси қайраткерлердің өлеңдері мен мақалалары жарық көріп отырды.  

«Қысқан қыс өтіп, жайлы жаз келгені, адам түгіл қимылдаған жанның бәрі мейрам ететін бір мезгіл. Мұны жаңа жылдың басы деп, мейрам ету – дүниедегі нағыз бас ұнамды істердің бірі. Ертерек заманда Наурызды қазақтар тегіс мейрам етуші еді. Бас салып ет асып, бидай көже істеп, атқа мініп, ауылдан ауылға жүріп, бірін-бірі құттықтап, көрісіп Наурыз күнін тәуір шаттықпен өткізуші еді» деп жазған бұл газетте Ә. Бұкейханұлы. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы  № 221 нөміріндегі мақаласында ғалым Наурыздың тарихын көнеден бастап баяндап береді.  

Ал Мыржақып Дулатовтың  «Жаңа тілек» өлеңі де осы басылымда жарық көрген:

Жаңа жылда жаңа тілек тілелік,

Ескі жылды ескере де жүрелік.

Кеп жүрмесін қайта айналып, түнеріп,

Көзін жасты, көңіл қайау, алашым!

Бүгін хақтың қуанышты, кең күні,

Күн мен түн таразының тең күні.

«Құт-береке болмаса екен кем күні»,

Деп тілелік, қолың жай, ау, алашым!»

Сол мерекелі «Қазақ» газетінің бірінші бетіндегі Алаш арыстарының тілегі қазақ еліне аманат болып жетті: «Барша Алаш азаматтарын Жаңа жыл – Наурыз һәм бостандықпен құттықтаймыз. Алла Тағала киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызып, ырыс-дәулет, бақ-береке нәсіп етсін!»

   Біләлова Гүлмира Әлімғазықызы 

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК ғылыми қызметкері

댓글
기타 기사