«Тіл тазалығы – ой тазалығы»: Астанада мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттыруға арналған дәріс өтті

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qGx9zJZ7AaX0pGSzfdlkQiFCfaPnXrW8B72KLsVC.jpg

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығында «Тіл тазалығы – ой тазалығы» тақырыбында ашық сабақ өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ана тілінің тазалығын сақтау, сауатты сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттыру. Ашық сабақты Руханият орталығының оқытушысы Айжан Құдайбергенқызы жүргізді.

Іс-шара барысында Руханият орталығының басшысы Арман Шеризат сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мазмұнына кеңінен тоқталды.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жобасын одан әрі жандандыру мақсатында әрбір орталық, әрбір мекеме бұл идеяны өз бағытына сай жүзеге асыруы тиіс. Біз «Таза Қазақстан» ұғымын тек сыртқы тазалықпен шектемейміз. Бұл – ең алдымен адамның өзінен, өз отбасынан, өз тілінен басталатын рухани тазалық. Сондықтан таза қазақ тілінде сөйлеу, тіл мәдениетін сақтау – осы бастаманың маңызды бөлігі. Бүгінгі ашық сабақ та «Таза Қазақстан» акциясы аясында, мемлекеттік тілдің тазалығын насихаттау мақсатында өткізіліп отыр», – деді ол.

Айта кетейік, Руханият оқу орталығы 2018 жылдан бері қазақ тілін үйрету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында жыл сайын тегін курстар ұйымдастырылып, орта есеппен 1500 адам қазақ тілінен білім алған. Ал өткен жылдан бастап бұл көрсеткіш арттырылып, жылына 3000 адамға дейін оқыту жолға қойылған.

«Қазақ тілін үйренуге қызығушылығым жоғары. Қазір біршама меңгеріп қалдым. Осы орталықта білім алып жүріп көптеген пайдалы дүниелерді үйрендім. Алдағы уақытта қазақ тілімді барынша жетілдіріп, еркін сөйлейтін деңгейге жетсем деймін», – дейді қала тұрғыны Анастасия Гадзенко.

댓글
기타 기사