Алматы облысының активі жаңа Конституция жобасын талқылап, қолдау білдірді

239
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5rMUJBbuoHl25IW3wOBDuNKuShBJPNyJaUTnhYpl.jpg

Алматы облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған облыс активінің отырысы өтті. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық еткен жиынға облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ірі кәсіпорын жетекшілері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Өңір активі жаңа Ата заң қабылданған жағдайда биліктің халық алдындағы жауапкершілігі күшейіп, елдің саяси жүйесі толық жаңаратынын атап өтті.

«Конституциялық реформа аясындағы өзгерістер қоғам мен заман талабына сай саяси жүйені жаңартуға бағытталған: мемлекеттік басқару ашық бола түседі, шешім қабылдау сапасы артады, азаматтардың мемлекетке деген сенімі нығаяды. Сонымен қатар әділеттілік, заң үстемдігі, бірлік пен келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттары конституциялық деңгейде бекітіледі. Ең бастысы – бұл өзгерістерді халықтың өзі қабылдайды. Конституцияның жаңа редакциясы жалпыхалықтық референдум арқылы бекітіліп, әрбір азаматқа саналы таңдау жасауға мүмкіндік беріледі», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жаңа жоба аясындағы негізгі жаңалықтардың бірі – 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай институтын енгізу. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіне вице-президент институтын енгізу ұсынылып отыр.

Тараптар Конституциялық реформа аясында ұсынылған өзгерістерді халықпен кездесулерде және қоғамдық алаңдарда қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізудің маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар облыс әкімі Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына Алматы облысынан облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев мүше екенін ерекше атап өтті.

댓글
기타 기사