Қазақстанда өзбек компаниялары күрт артып, Ресей компаниялары азайды

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SS1WZRHNIdTKey669cIixIkScnKSNotSvcMiXL5x.jpg

2025 жылы Қазақстанда шетелдік қатысуы бар компаниялар мен олардың филиалдарының саны 4,4 мыңға артты. Бұл өсім негізінен Қытай мен Өзбекстаннан келген кәсіпкерлердің белсенділігімен байланысты. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

ҰСБ дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ел аумағында шетелдік қатысуы бар 63,9 мың заңды тұлға мен филиал тіркелген. Бұл қатарға бірлескен кәсіпорындар ғана емес, сонымен бірге шетелдік компаниялардың Қазақстандағы филиалдары да кіреді.

Қазақстанда бизнес ашқан немесе бірлескен кәсіпорын құрған елдердің ішінде өсім көрсеткіші бойынша Қытай мен Өзбекстан айқын көш бастады.
Мәселен, Қытайдың қатысуымен тіркелген компаниялар саны 2,8 мыңға өсіп, жалпы саны 8 мыңға жетті.

Ал Өзбекстаннан келген кәсіпкерлердің қатысуымен құрылған компаниялар 2,5 мыңға көбейіп, олардың жалпы саны 8,2 мыңды құрады.

Сонымен қатар Әзербайжанның қатысуы бар компаниялар саны 102 ұйымға артқан. Қалған елдер бойынша өсім 100-ден төмен деңгейде қалып отыр.

Қазақстанда шетелдік компаниялар саны бойынша бірінші орында тұрған Ресей (жалпы саны 23 мың) 2025 жылы керісінше, төмендеу көрсеткен. Бір жыл ішінде Ресеймен байланысты компаниялар саны 468-ге қысқарған.

Сондай-ақ Қырғызстан (–313) және Түркия (–209) компанияларының саны да азайғаны байқалады.

Қазақстандағы шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың басым бөлігі шағын бизнеске тиесілі. Ресми есеп бойынша олардың саны 63,4 мың.
Ал орта кәсіпорындар – 359, ірі компаниялар – 222 ғана.

Бұл көрсеткіш шетелдік капиталдың көп бөлігі елге ірі өндіріс түрінде емес, негізінен шағын және орта бизнес бағытында келіп жатқанын байқатады.

Қай салада шетелдік бизнес көп?

Шетелдік қатысуы бар компаниялардың ең көп бөлігі сауда және автокөлік жөндеу саласында жұмыс істейді. Бұл бағытта 23,5 мың заңды тұлға тіркелген.

Сондай-ақ шетелдік бизнес жиі кездесетін салалардың қатарында:

  • өзге қызмет түрлерін көрсету – 10,1 мың,

  • құрылыс – 5,9 мың,

  • ғылыми және техникалық қызмет – 4,3 мың ұйым.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2,36 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін мәлімдеген болатын. Бұл көрсеткіш те өсім көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда 100 мыңға артқан.

Сарапшылардың пікірінше, шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар санының артуы ел нарығына деген қызығушылықтың сақталғанын көрсетеді. Алайда кейбір елдер бойынша компания санының қысқаруы сыртқы экономикалық жағдайдың да әсерін білдіруі мүмкін.

댓글
기타 기사