Маңғыстау табиғатын кеңінен танытуда ақпарат әлі де жеткіліксіз

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9qKwzUgptSHDJy5qDMLXVT4isSe5mNil1cbLMVNC.jpg

Кешеден бері бірқатар ақпарат көздерінде АҚШ-тың Washington Post газетінде Маңғыстау өңірі туралы кең көлемді мақала жарық көргені айтылуда. Мақала авторы - америкалық журналист Дженнифер Мюллер. Сонымен қатар, әлем елдеріне Jordan LG есімімен танымал саяхатшы әрі фотографтың Маңғыстау облысына келіп, түбектің бірегей табиғи ландшафттарын халықаралық аудиторияға таныстырғаны жөнінде де жағымды жаңалықтар тарады. 

Бұл аталған тұлғаларды көпшілігіміз танымауымыз мүмкін. Алайда ең бастысы - олардың халықаралық деңгейдегі кең аудиториясы арқылы Маңғыстау өңірінің әлемге насихатталуы. Бұл, сөзсіз, өңір туризмі үшін үлкен мүмкіндік әрі ұзақ мерзімді нәтиже беретін қадам деп білемін.

Осы орайда, мен де осы салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп жүрген соң өз пікірімді білдіргім келеді.

Маңғыстау өңірінің бірегей әрі көркем табиғатын шетел елдеріне кеңінен таныту бағытында ақпарат әлі де жеткіліксіз. Қазіргі тілмен айтқанда, халықаралық деңгейдегі жүйелі пиар жұмыстары әлсіз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шетелдік танымал тұлғаларды, блогерлерді, саяхатшыларды өңірге арнайы қонақ ретінде шақырып, Маңғыстаудың табиғи, тарихи және туристік әлеуетін олардың аудиториясы арқылы насихаттау қажет деп есептеймін.

Өңірге келген шетелдік туристермен тікелей пікір алмасу барысында бұл бастаманың аса маңызды екеніне көзім 100% жетті. Себебі көпшілігі Маңғыстау туралы бұрын мүлде естімегенін немесе өте аз ақпарат білетінін айтады. Ал табиғатты өз көзімен көргеннен кейін олардың таңданысы мен қызығушылығы ерекше артады.

Осындай мақсатты жарнама мен дұрыс бағытталған ақпараттық жұмыс нәтижесінде туристер саны көбейіп, сұраныс арта түседі. Өз кезегінде бұл өңірдегі туристік қызметтердің сапалы дамуына, жаңа қызмет түрлерінің қалыптасуына, инфрақұрылымның жақсаруына және жергілікті халықтың табысының өсуіне оң ықпал етеді.

Берік Дауенов

댓글
기타 기사