"Ештеңе болмағандай әрекет ете алмаймыз..." Қырғызстанға АҚШ визасының тәртібі жақпай қалды

302
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9SF3v8U7hepsmt3gkeSR61kWdv1VA7LYfcmamyNi.jpg

Биылдан бастап Орталық Азияның кейбір елдерінің азаматтары АҚШ-қа туристік немесе іскерлік визамен бару үшін 5 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейін кепілдік жарна төлеуге міндетті. Бұған наразы болған Қырғызстан визалық тәртіпті қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” Fergana ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

2026 жылы 1 қаңтардан бастап Түркіменстан азаматтары АҚШ-қа туристік немесе іскерлік визамен бару үшін 5 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейін кепілдік жарна төлеуге міндетті. Бұл талап АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған ресми құжаттарда көрсетілген.

Аталған тәртіп 2026 жылдың басынан бері жеті елдің азаматтарына қолданылып келген. Түркіменстаннан бөлек, бұл тізімге Бутан, Ботсвана, Гвинея, Гвинея-Бисау, Намибия және Орталық Африка Республикасы кірген. Қазіргі уақытта кепілдік жарна талабы 13 мемлекетке қатысты, олардың басым бөлігі Африка құрлығында орналасқан.

Жаңа ережеге сәйкес, виза рәсімдеу барысында өтініш беруші 5 мың, 10 мың немесе 15 мың доллар көлемінде кепілдік жарна енгізуі тиіс. Нақты сома АҚШ консулдығындағы сұхбат нәтижесі бойынша жеке тәртіппен белгіленеді. Төлем АҚШ Қаржы министрлігінің pay.gov электронды жүйесі арқылы қабылданады. Мемлекеттік департамент басқа төлем сервистері арқылы аударылған қаражат үшін жауапкершілік алмайтынын ескертеді.

Кепілдік жарнаның төленуі визаның автоматты түрде берілетінін білдірмейді. Егер виза беруден бас тартылса, өтініш иесі АҚШ аумағына мүлде кірмесе немесе елде болу мерзімін бұзбай, уақытында шықса, төленген қаражат толық көлемде қайтарылады.

Сонымен қатар, АҚШ заңнамасына сәйкес, кепілдік жарна төлеуге міндеттелген елдердің азаматтары АҚШ-қа тек Нью-Йорк, Вашингтон және Бостон қалаларындағы үш халықаралық әуежай арқылы ғана кіре алады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап кепілдік жарна талап етілетін елдер тізімі кеңейеді. Жаңартылған тізімге Орталық Азияның тағы екі мемлекеті — Қырғызстан мен Тәжікстан қосылады.

АҚШ-тың жаңа визалық талаптарына байланысты Қырғызстан үкіметі де өз ұстанымын білдірді. Елдің вице-премьері Еділ Байсалов АҚШ азаматтары үшін визасыз режимді қайта қарауды ұсынды. Ол бұл туралы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Визалық саясат — бұл теңдік пен өзара құрмет мәселесі. Егер біздің азаматтарымыз үшін осындай жоғары кедергілер енгізілсе, біз ештеңе болмағандай әрекет ете алмаймыз», — деп мәлімдеді ол.

Қырғызстан азаматтарына қатысты жаңа визалық ережелер 21 қаңтардан бастап күшіне енеді. B-1 және B-2 санатындағы визаларға өтініш бергендер 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепілдік жарна төлеуі тиіс. Егер виза мәртебесі өзгертілсе немесе елде болу мерзімі асып кетсе, бұл қаражат қайтарылмайды. Кепілдік жарнаның нақты мөлшерін консулдық офицер сұхбат барысында жеке анықтайды.

The Diplomat басылымының мәліметінше, АҚШ азаматтары 2012 жылдан бері Қырғызстанға визасыз кіре алады, ал Қырғызстан азаматтарына АҚШ-қа ешқашан визасыз режим қолданылмаған. Басылым авторы визалық саясаттың ешқашан толықтай өзара тең болмағанын, әсіресе АҚШ-қа қатысты бұл қағиданың сақталмайтынын атап өткен.

Айта кетейік, 2025 жылдың маусым айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-ты шетелдік террористерден және ұлттық әрі қоғамдық қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлерден қорғау мақсатында шетел азаматтарының кіруін шектеу туралы құжатқа қол қойған болатын. Осы шешім аясында 19 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге толық немесе ішінара шектеу енгізілген. Түркіменстан бұл тізімге визаның мерзімін асырып жіберу жағдайларының көптігіне байланысты енгізілген.

Ресми Ашхабад бұл шешімге байланысты түсініспеушілік пен алаңдаушылық білдіріп, АҚШ билігінің әрекетін асығыс қабылданған қадам деп бағалады. Түркіменстанның Сыртқы істер министрлігі бұл шаралар екі ел арасындағы көші-қон саясаты мен өзге де салалардағы ынтымақтастық нәтижелерін ескермейтінін мәлімдеді.

댓글
기타 기사