Байтақ Маңғыстаудың көрінісі Washington Post-та жарияланды

354
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9wKSiqSEnZJUb8v7jjZMx9GmlmkLewP8UjbMmiwb.avif

АҚШ-тағы Washington Post басылымы Маңғыстау облысының табиғаты суреттелген мақаласын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Toyota 4x4 жолсыз, шөлейт жазық арқылы секіріп өтті. Артында күннің сәулесінде жарқырап тұрған боз шаң бұлт қалды. Ал алда ағарған тастардан тұратын ерекше формация аспанға шаншылып тұр", - делінген мақалада.

Басылым оқырмандарға жергілікті өмірді сезіну үшін сапарға шықпас бұрын пайдалы кеңестер, жаңалықтар мен нұсқаулықтар ұсынады деп атап көрсеткен.

Picture background

Picture background

Мақала авторы, америкалық журналист Дженнифер Мюллер, Маңғыстау өңіріне жасаған сапары барысында алған әсерімен бөлісіп, аймақтың ерекше табиғи ландшафттарын, бай геологиялық тарихын және мәдени мұрасын халықаралық оқырманға таныстырды. Журналист Маңғыстаудың ай бетіне ұқсайтын каньондары мен жартас түзілімдерін АҚШ-тағы әйгілі Монумент-Вэлли ұлттық паркімен салыстырып, өңірдің өзіндік табиғи ерекшелігіне жоғары баға берген. 

"Біз қараған аңғар ежелде Тетис атты көне мұхиттың астында жатқан. Кейін жер қабаттары қозғалып, Пангея бөлшектеніп, су тартылды. Мыңдаған жылдар бойы табиғат тасты, алып геологиялық пішіндер қалыптастырды. Айналада қылыштай шаншылған жартас қанаттар, кең жайылған үстірттер мен ирек күмбездер жазықтан бой көтереді. Бұл жер соншалықты ұзақ уақыт қуаң әрі бос жатқандықтан, миллиондаған жылдық тарих әлі де көзге анық көрінеді", - дейді саяхатшы-журналист.

Сондай-ақ, ол ежелгі Тетис мұхитының ізі сақталған үстіртте теңіз жануарларының қазба қалдықтары мен жібек жолы бойындағы керуен-сарай қирандыларына, сопылық ғибадатханалар мен киелі орындарға назар аударған.

Мақалада Маңғыстаудың көрікті жерлері - Бозжыра шатқалы, Жығылған мүйісі, Қызылқұп және Торыштың шарлар алқабы кеңінен сипатталып, олардың әрқайсысы табиғаттың миллиондаған жылдық тарихынан сыр шертетіні айтылған.

Автордың айтуынша, өңір ұзақ уақыт бойы халықаралық туристердің назарынан тыс қалып келгенімен, бүгінде оған қызығушылық артып келеді. Сапар барысында ресейлік, қытайлық және италиялық туристерді кездестірген журналист америкалық саяхатшылардың бұл бағытқа енді ғана бет бұра бастағанын атап өткен.

Сонымен қатар, мақалада Ақтау қаласының Маңғыстауға апаратын басты қақпа ретіндегі маңызы көрсетілген. Каспий теңізінің жағасында орналасқан Ақтау 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, халықаралық әуе қатынасының қолжетімділігімен ерекшеленеді. Қалаға Стамбұл, Тбилиси және Баку қалаларынан тікелей рейстер бар.

댓글
기타 기사