Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі. Алқабилер шешім шығарды

127
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tGEXzDtrq1t9WTUxDytaE5ThOvzqVj8tIy6316fk.jpg

Алқабилер соты Атбасар түрмесіндегі азаптау ісіне қатысы бар деп айыпталған қызметкерлерді ақтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

24 желтоқсанда Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында алқабилердің қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Қылмыстық қудалау органы ҚАЖК қызметкерлерін Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға тыйым салынған ықпал ету әдістерін қолданды деп айыптаған еді.

Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды.

«Дауыс беруге 10 алқаби және 1 судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған. Сот үкімімен ҚАЖК-ның 12 қызметкері кінәсіз деп танылды. Ақталғандарға оңалту құқығы танылды»,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде желіде түрме қызметкерлерінің дәретхананы жуудан бас тартқаны үшін сотталғандарға күш қолданған видеосы пайда болған еді. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған. Айыпталушылар сотта колонияның ішкі тәртібін сақтағандарын, қарсылық танытқан сотталғандарға қатысты арнайы құралдарды қолдануға мәжбүр болғанын айтып, өз әрекеттерінің заң аясында жүзеге асқанын мәлімдеген және өздерін толық ақтауды сұраған.

Ал биыл ақпан айында бірінші сатыдағы сот түрме қызметкерлерін кінәсіз деп таныды. Бұл шешім құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділердің наразылығын тудырған болатын.

 

댓글
기타 기사