"Абай жолы". Семейлік қаламгерлердің жаңа кітаптары жарыққа шықты

225
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pG9XjcJgKn0jXTgmbAX6w1vqmZCPS1oqvKiWWHk1.jpg

Абай облысы әкімінің қолдауымен, Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының және Абай кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті.

Кітаптар топтамасы жобасын құру Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал етуге, туған өлкемізден шыққан ұлы тұлғаларымыз бен ақын-жазушыларымыздың туындыларын қайта жаңғыртып шығаруға, тұлғаларымыздың атын әйгілеуге, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.

Кітаптар топтамасы Абай облысы өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының әртүрлі әдеби жанрды қамтитын түрлі тақырыптарының басын біріктіреді.

Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Абай облысының Құрметті азаматы» Еспенбетов Арап Сләмұлы жетекшілік етті.

Ағымдағы жылы жоба аясында 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Абай тақырыбына басым көңіл бөлінді.

Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» және «Абай мұрагерлері» атты зерттеу еңбектері, Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» атты деректі шығармасы және Мырзақасым Әсет Медеуханұлының «Абай елінің әңгімелері», Асан Омаровтың «Абай руханияты» еңбектері оқырман қауымға жол тартты.

142 жылдық тарихы бар Абай кітапханасының сирек қорындағы белгілі өлкетанушы Николай Коншиннің өлкемізге қатысты құнды еңбектері мен Мұратбек Кенемолдиннің «Семей – Алаштың қаласы» атты зерттеулер мен мақалалар жинағы оқырман қауым үшін тосын сый болды.

ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының дарынды ақыны Әсет Найманбайұлының және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ұлы ойшылдың шәкірті әрі іні-досы Көкбай Жанатайұлының, сондай-ақ республикамызға аты мәлім әрі жазба, әрі суырып салма ақындардың бірі Қалихан Алтынбаевтың әдеби мұралары өз оқырмандарымен қауышты.

Сонымен қатар, өлкемізден шыққан ғалымдар Әбдеш Төлеубаевтың «Қазақтардың дәстүрлі наным-сенімдері», Светлана Смағұлованың «Қазақ даласындағы жұттар мен ашаршылықтар», Әбіл-Серік Әліәкбардың «Қалам құдіреті» атты ғылыми еңбектері жарыққа шықты.

Абайдың ақын шәкірттерінен бастап, қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың таңдамалы өлеңдері, толғаулары, поэма және айтыс үлгілері енген «Жыр жауһарлары» жинағының 3-ші кітабы жарияланды.

Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Медеу Сәрсекенің, Қайым-Мұнар Табеевтің, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының, Әділғазы Қайырбековтің, Қайырбек Шағырдың шығармалары да жарық көрді.

Шараға қатысушы қонақтарды аталған кітаптардан жасақталған, авторлардың портреттерімен көмкерілген жаңа кітаптар экспозициясы қарсы алды.

Жасанды интеллектінің көмегімен жасалған электронды кітапхана қоры ұсынылып, қатысушыларға кітап мазмұны туралы мол ақпарат берілді.

Кітапхана сахнасында Абай атындағы драма театрының әртістері кітап авторлары мен олардың шығармаларына байланысты әдеби-көркем қойылымдарды орындады.

«Абай жолы» кітапханасы жобасының ғұмыры ұзақ болсын! Ақын есімін иеленген облыс жұртшылығы мен әдебиетсүйер қауымға жол тартқан жауһар туындылар әрбір оқырманның талғам таразысынан шығады деген сенімдеміз.

Рима Қанапияқызы,

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы

댓글
기타 기사