Абай облысының аграрлық әлеуетін арттыру мәселелері Үкімет қарауына ұсынылды

235
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KYbZucKYMQSCZZQFuBRodiYuNttp89f5n6AeA9fW.webp

Абай облысында ауыл шаруашылығы мен ауылдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты өзекті мәселелер анықталып, ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы abaidan.kz-ке сілтеп.

Сенаттың Аграрлық комитеті өңірде көшпелі отырыс өткізіп, төрт негізгі бағыт бойынша шешім күтетін мәселелерді айқындаған.

Абай облысында 1,3 миллионнан астам ұсақ мал бар, сондай-ақ 3,6 млн гектар пайдаланылмай жатқан жайылымның болуы қой шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік береді. Келесі жылы іске қосылатын «Eurasia Agro Semey» ет өңдеу кешені саланың дамуына серпін бермек. Кешен тәулігіне 70 ірі қара мен 700 ұсақ малды өңдеп, 17 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Депутаттар қой шаруашылығын қолдау үшін «Игілік» бағдарламасы аясында 50 млрд теңге бөлуді ұсынды.

Өңірде су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптарды 5 жылда 88 200 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Алайда 2026–2028 жылдарға арналған субсидия көлемі қажетті 21,2 млрд теңгенің орнына 5,7 млрд теңге ғана бекітілген. Депутаттар субсидия көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды сұрайды.
Өңірдегі 95 су нысанының 28-і қанағаттанарлықсыз, 1-еуі апаттық жағдайда тұр. Оларды жөндеу үшін сметалық құжаттарды жедел әзірлеп, қаржыландыру қажет.

Абай облысында субсидия бойынша 13 млрд теңге берешек жиналған. Оның ішінде:

  • инвестициялық субсидия – 3,8 млрд тг;

  • сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау – 3,2 млрд тг;

  • асыл тұқымды мал шаруашылығына субсидия – 2,3 млрд тг;

  • өсімдік шаруашылығы – 3,7 млрд тг.
    Қаражаттың уақытылы бөлінбеуі шаруаларға айтарлықтай қиындық туғызып отыр.

Өңірдегі 326 елді мекеннің тек 112-сі (34,7%) 4G интернетпен қамтылған. 127 ауылда интернет мүлде жоқ. Цифрлық инфрақұрылымның әлсіздігі ауылдағы білім сапасына, әлеуметтік жағдайға және аграрлық технологияларды енгізуге кедергі келтіруде.

Депутаттар ауыл инфрақұрылымын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтіп, Премьер-Министрді аталған мәселелерді бақылауға алып, тиісті шараларды қабылдауға шақырды.

댓글
기타 기사