Қытай туын өртегендердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

798
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7pmnoyoByOHpI7AUPUUQoQIcFYrwWewM5Q4JyjJN.jpg

Алматы облысының Ұйғыр ауданында Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген 18 адамның үстінен іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

13 қарашада ресми тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» қозғалысының белсенділері Қалжат шекаралық өткізу пунктіне жақын аумақта наразылық акциясын өткізген.

Олар биыл Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, Қытай туы мен басшысының суретін өртеген.

Акциядан кейін 11 адам 7–15 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, алты белсендіге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

21 қарашада Ұйғыр аудандық соты 18 адамға бұлтартпау шарасын қолданды. Нақтырақ, 13 адам тергеу изоляторына қамалса, 5 адам үйқамаққа алынды.

Сотқа жолданған материалда тергеушілер белсенділердің әрекетін 174-баптың ауыр санатына жатқызуды сұраған. Аудандық прокурор бұл өтінішті қолдап, судья Бауыржан Жақсыбаев санкция берген.

Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, қамауға алынған адамдардан жауап алынбаған, сот сараптамасы жасалмаған. Ол бұл істің саяси астары бар екенін айтады.

«Өзге елдің туын өртегені үшін 174-баппен қылмыстық іс қозғау — сот тәжірибесінде болмаған жағдай. Бұл – саяси акт. Оның қылмыстық құрамы жоқ», – деді адвокат.

댓글
기타 기사