«Адал еңбек пен ынтымақ – Ел игілігі» жобасы аясында рухани кездесу өтті

406
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1NbhqeXB4AFecaJZalMpW2Z6Kzzh4jVKGxfSxYkr.jpg

Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен жарияланған 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Адал еңбек пен ынтымақ – Ел игілігі» жобасының аясындағы мазмұнды шаралар Нұра ауданында жалғасын тапты.

Нұра өңірінің мәдениет үйінде өткен рухани кездесуге жобаның авторы, халықаралық және республикалық айтыстардың лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, бард, қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтов арнайы келді. Шараға жиналған жұртшылық алдымен еңбек тақырыбын, аудан тарихы мен тұлғаларын қамтыған кең көлемді көрмені тамашалады.

Кездесу барысында ақын елдік ұстаным, еңбектің қадірі, рухани құндылықтар, туған өлкенің орны мен ұлт тұлғаларының тағылымы туралы әсерлі ой-толғамын ортаға салды. «Сары Тентек» атанған ақын көрермен сұрақтарына жауап беріп, еркін пікір алмасу форматында әңгіме өрбітті.

Шара аясында Қуаныш Мақсұтов Нұра өңірінен шыққан елге еңбегі сіңген ардагер тұлғаларға облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген жаңа кітабын тарту етті. Алқа-қотан қазақы дәстүрде өткен бұл кеш ауданның мәдени өміріндегі маңызды рухани оқиғалардың біріне айналды.

Кеш қонақтарына ауданның өнерпаздары – әнші Амангелді Шахарбаев, күйшілер Нұрсұлтан Есенов пен Қайрат Жақып ұлттық өнердің озық туындыларын ұсынып, шараның сәнін келтірді.

Кездесу соңында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов сөз сөйлеп, халық атынан ақынға ризашылығын білдірді. Ол Қуаныш Мақсұтовтың шығармашылығы мен жобасының Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, дәстүр бойынша иығына шапан жауып, аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады.

Ел бірлігін, адал еңбекті және ұлттық рухты дәріптеген мазмұнды кеш нұралық көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды.

댓글
기타 기사