Ұлттық кітапхана Мұхтар Әуезов кабинеті жабылды деген ақпаратты жоққа шығарды

789
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nOu7PdxXLIDv4MxxFTEs1vb4rfCUlrKw63d54tA8.webp

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та тараған «Мұхтар Әуезовтің ғылыми кабинеті жабылды» деген хабарламаны ресми түрде теріске шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мекеме баспасөз қызметінің мәліметінше, 2014 жылы Ұлттық кітапхана мен жазушының отбасы мүшелерінің қолдауымен ашылған Мұхтар Әуезовтің ғылыми кабинеті бүгінде өз жұмысын әдеттегідей жалғастырып келеді.

"Кабинеттің мақсаты — жазушының бай шығармашылығын зерделеу және оның әдеби мұрасын насихаттау. Мұнда Мұхтар Әуезовтің жеке кітаптары мен оның шығармашылығына арналған еңбектер жинақталған", — делінген Ұлттық кітапхананың ресми хабарламасында.

Баспасөз қызметі атап өткендей, 2025 жылдың қыркүйегінде жазушының немересінің бастамасымен қала әкімдігі Мұхтар Әуезов атындағы жаңа кітапхананы ашу туралы шешім қабылдаған. Мәдениет басқармасы мен қала әкімінің орынбасарының келісімі негізінде жазушының есімі Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 филиалына берілді.

"Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ашылуына байланысты, Ұлттық кітапханадағы жазушының ғылыми кабинетіндегі уақытша сақтауда болған жеке заттар мен кітаптар жаңа кітапханаға тапсырылды", — деп хабарлады мекеме өкілдері.

Ұлттық кітапхана қазіргі таңда Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті экскурсиялық бағытқа енгізіліп, қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Ұлттық кітапхана Мұхтар Әуезов кабинеті жабылды деген ақпаратты жоққа шығарды

 

댓글
기타 기사