Ер адам бес баланы өрттен құтқарып қалды

1202
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6yA60opEeYDmQaHyflgcPR1EkM9wcUWudjdoOP2N.jpg

Ақмола облысы Біржан сал ауданының Үлгі ауылында өртке оранған үйдің ішінен бес бірдей кәмелетке толмаған баланы ауыл тұрғыны Ерлан Тоқсанбаев аман алып шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Арқа ажары" газетіне сілтеме жасап.

Ерланның айтуынша, ол сол күні ұлы Мирас екеуі шаруашылық жерін жинастырып жүрген. Кенет көрші үйлердің бірінен түтін шыққанын байқап, бірден сол жаққа қарай жүгірген. Үйдің шатыры мен қабырғалары отқа оранған кезде, терезенің ар жағында қою түтінге тұншығып, жылап тұрған балаларды көріп, тәуекелге бел буған. Ол терезені сындырып, ішке кіріп, балаларды бір-бірлеп сыртқа алып шыққан.

Балалардың үлкені 13-14 жаста, ал ең кішісі балабақша жасында екені айтылды.

Көршілердің айтуынша, өрт кезінде балалардың ата-анасы жұмыста болған. Аналары ауылдан 8-9 шақырым жердегі демалыс орнында еңбек етсе, әкесі іссапарда жүрген. Балаларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, олар қазір аналарының жұмыс орнынан берілген бөлмеде уақытша тұрып жатыр.

댓글
기타 기사