Қазақстандағы жауапты өндірістің деңгейі қандай?

1277
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/01/ekonomika.jpg

Бүгінде БҰҰ-ның 12-мақсаты «Жауапты тұтыну және өндіріс» әлемдік экономиканың жаңа бағытын айқындап отыр. Бұл мақсат ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық жүктемені азайту және тұйық циклді (циркулярлық) өндіріс жүйесін қалыптастыру арқылы сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіруді көздейді.

Жауапты өндіріс тек экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар өнім сапасын арттыру мен ұлттық экономиканың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін басты шарт болып табылады.

Қазақстанда жауапты өндіріс мәдениеті қалыптасу кезеңінде. Өңдеу өнеркәсібі елдің ЖІӨ-нің 12,9%-ын және парниктік газдардың 13,6%-ын құрайды, алайда көптеген кәсіпорындарда энергия тиімділігі мен экологиялық менеджмент жүйелері толық енгізілмеген. Бұл өнім сапасының тұрақтылығына, халықаралық стандарттарға сәйкестігіне және экспорттық әлеуетіне кері әсерін тигізуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелері осыны дәлелдейді. Сауалнамаға қатысқан 100 кәсіпорынның ішінде металлургия саласының үлесі – 35%, көлік жасау – 13%, тамақ өнімдері – 10%, жеңіл өнеркәсіп – 9%, ал мұнай-газ және құрылыс материалдары салаларының әрқайсысы – 8%. Өңірлер бойынша Қарағанды облысы – 36%, Жетісу – 23%, Маңғыстау – 11% үлеске ие.

Зерттеу нәтижесінде төмендегі өзекті проблемалар айқындалды:

1) инвестициялық белсенділіктің төмендігі – компаниялардың небәрі 9%-ы экологиялық жабдықтарға қаржы бөледі, ал 91%-ы мұндай шығындарды жоспарламайды;
2) сертификаттаудың формалдылығы – 61% кәсіпорын экологиялық сертификатқа ие болғанымен, олардың жартысына жуығы экологиялық нормаларды тұрақты түрде сақтамайды; соңғы бес жылда 43% кәсіпорын заң бұзған;
3) қалдықтарды басқарудағы әлсіздік – тек 15% компания қалдықтарының 75%-ын қайта өңдейді, ал 42%-ы есеп жүргізбейді;
4) экоинновациялардың төмен деңгейі – кәсіпорындардың 34%-ы энергия үнемдеу технологияларын енгізген, бірақ жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатындар үлесі небәрі 3%;
5) қайтарма логистиканың дамымауы – 34% компанияда мұндай жүйе мүлде жоқ, бұл циркулярлық экономиканың дамуын тежейді;
6) кадрлық және білімдік тапшылық – экологиялық менеджмент, энергия аудиті мен ISO стандарттарын енгізу саласында білікті мамандар жетіспейді.

Қазақстан кәсіпорындарының басты қиындықтары технологиялық артта қалушылық, қаржылық ресурстардың шектеулілігі, экологиялық талаптардың әлсіз орындалуы және корпоративтік мәдениеттің төмен деңгейімен байланысты. Көптеген ұйымдар экологиялық стандарттарды тек есеп беру мақсатында қабылдап, тұрақты даму қағидаттарын нақты стратегияға айналдыра қойған жоқ.

Мәселені шешу үшін мемлекеттік ынталандыруды күшейтіп, экологиялық жаңғырту мен энергия тиімділігіне инвестиция салатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар беру қажет. Сонымен қатар, жасыл технологиялар мен қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын қаржыландыратын экоинновациялық ұлттық қор құру ұсынылады. Экологиялық аудитті міндеттеу және ISO 14001 стандарттарын барлық ірі кәсіпорындарда енгізу арқылы құқықтық бақылауды күшейту маңызды.

Ғылым мен бизнесті біріктіру мақсатында университеттер мен өндіріс орындары арасында тәжірибелік зертханалар құрып, жасыл технологияларды жергілікті жағдайларға бейімдеу қажет. Экологиялық менеджмент, энергия тиімділігі және ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) талаптары бойынша кадрларды даярлау бағдарламаларын іске қосу ұсынылады. Сондай-ақ, кәсіпорындардың экологиялық деректерін ашық форматта жариялау арқылы қоғамдық есептілік пен азаматтық бақылауды күшейту қажет.

Жауапты өндіріс мәдениетін қалыптастыру – өнім сапасын арттырудың және қоғам сенімін нығайтудың шешуші факторы. Ол энергияны тиімді пайдалану, қалдықтарды азайту, экологиялық инновацияларды енгізу және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуді қамтиды. Қазақстан үшін бұл тек экономикалық жаңғырудың бағыты ғана емес, тұрақты дамудың ұлттық стратегиясы. Декларациядан нақты іске көшу – еліміздің экологиялық және технологиялық болашағының басты кепілі.

Айсұлу Молдабекова

Ақнұр Жидебекқызы

댓글
기타 기사