Қазақстан Ресейге ескерту нотасын жіберді

1359
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NurewK89vflYiCB6YeZSpKd0PMtue0n0pCDLsfNx.jpg

Қазақстан Үкіметі солтүстік шекарадағы халықаралық автотасымалдарға байланысты туындаған мәселелерге қатысты Ресейге нота жіберді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ресейде енгізілген жаңа ережеге сәйкес, визасыз режиммен кіретін шетел азаматтарына ел аумағында бір жыл ішінде 90 күннен артық болуға тыйым салынған. Бұл шектеу қазақстандық жүк көлігі жүргізушілеріне айыппұл мен депортация қаупін тудырған.

Осы жағдайға байланысты Қазақстан тарапы Ресейге ресми ескерту нотасын жолдап, мәселені талқылау үшін келіссөздер өткізді. Келіссөздерге Қазақстан Үкіметі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қатысқан.

Мемлекеттік органның хабарлауынша, тиісті шешім қабылданғанға дейін тасымалдаушыларға өз жүргізушілерінің Ресей аумағында болу мерзімдерін алдын ала тексеріп, заңбұзушылықтардың алдын алуға кеңес беріледі.

Дегенмен, бұған дейін 31 қазақстандық жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салу және депортация туралы қаулы шығарылған.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қазір екі ел арасында ұсталған немесе жауапкершілікке тартылған жүргізушілер бойынша ақпарат алмасу жүріп жатыр.

Сонымен қатар, Ресей тарапы қазақстандық жүргізушілерге қатысты шектеулерді қайта қарау мүмкіндігін зерттеп жатқанын хабарлады. Бұған дейінгі талдау нәтижесі ресейлік нормалардың кейбір тармақтары екіжақты және халықаралық келісімдерге сәйкес келмейтінін көрсеткен.

댓글
기타 기사