Семей әкімін сайлау: Қазақстан демократиясының жаңа кезеңі

1362
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SHoVwV6Rg8HnToNrrm7xqMnzXj7kFIKxWnJjeuzH.jpg

12 қазан күні Семей қаласында алғаш рет қала әкімін сайлау өтті. Бұл - ел тарихындағы маңызды оқиға.

Сайлау күні Семейде 128 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Барлық учаске таңғы сағат 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-де жабылды. Одан кейін бірден бюллетеньдерді санау басталды.

Тиісті аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, Семей қаласының сайлаушылар тізімінде 220 мыңнан астам азамат тіркелген. Оның ішінде 1200-ден астамы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Барлық азаматтың теңдей қатысуын қамтамасыз ету үшін учаскелерде еріктілер жұмыс істеді, арнайы пандустар мен жеке дауыс беру кабиналары ұйымдастырылды.

Әрбір кандидатқа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 850 мың теңге бөлінді. Бұл қаражат ақпараттық материалдар (баннерлер, парақшалар, стендтер) дайындауға және орналастыруға жұмсалды.

Сайлау күні семейліктердің белсенділігі жоғары болды. Қала тұрғындары бұл саяси оқиғаны өздерінің болашағына әсер ететін маңызды қадам ретінде қабылдады.

Белгілі спортшы, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев дауыс беріп, бұл сәттің тарихи маңызын атап өтті:

«Әрбір азаматтың даусы - қаланың болашағына қосқан үлесі. Бүгін мен де өз таңдауымды жасадым. Семейдің жарқын келешегі үшін әр тұрғын белсенділік танытуы қажет», - деді ол.

«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Садырбаев та бұл сайлауға үлкен мән беріп,  дауыс берді.

«Бұған дейін де әкімдер тағайындалған, біз олардың еңбегіне баға беруден аулақпыз. Дегенмен бұл күн – ел тағдырындағы маңызды әрі жауапты кезең. Семейліктер өздерінің қала басшысын тікелей сайлап, ертең әкіммен етене жұмыс істеуге, өңірдің өркендеуіне үлес қосуға нақты мүмкіндік алып отыр. Мен де өз азаматтық борышымды орындап, сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердім», - деді спикер.

Семей қаласы әкімін тікелей сайлау - елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі. Бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың айқын көрінісі болып отыр.

Дауыс санау жұмыстары жалғасуда, ресми нәтижелер жақын күндері жарияланады. Дегенмен қазірдің өзінде сайлау ел демократиясының дамуы мен азаматтардың саяси мәдениетінің арта түскенін көрсететін маңызды оқиға екені анық.

Семей тағы да өз мәртебесін -  тұңғыштар қаласы екенін дәлелдеді. Қала әкімін тікелей сайлау бұл - тек саяси реформаның нәтижесі емес, сонымен қатар қоғам мен билік арасындағы өзара сенімнің жаңа кезеңі.

댓글
기타 기사