Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевты қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".
«Мемлекет басшысының жарлығымен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Айта кетейік, Ержан Ашықбаев Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі лауазымына 2021 жылғы 5 сәуірде тағайындалған еді.
Бұл қызметке дейін 2013-2021 жылдары еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары болды.
Сондай-ақ әр жылдары Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, үкіметтің ресми өкілі, Президент әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ержан Ашықбаев әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің түлегі. Сонымен қатар Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Халықаралық қатынастар саласындағы маман, мемлекеттік басқару магистрі.
Ағылшын, түрік және француз тілдерін меңгерген. І сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.