Ресейдің қаржы министрлігі үкімет қарауына салық кодексіне жекелеген өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Құжатта ҚҚС мөлшерлемесін 20%-дан 22%-ға дейін көтеру мәселесі айтылған.
Енгізілген заң жобаларының пакеті 2025 жылға арналған бюджет туралы заңға түзетулерді, 2026 жылға арналған федералдық бюджет туралы заң жобасын және 2027–2028 жылдардың жоспарлы кезеңін, сондай-ақ бюджет және Салық кодекстеріне жекелеген өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын қамтымақ.
Ал ҚҚС өсімінен түсетін қаражат, ең алдымен, қорғаныс пен қауіпсіздікті қаржыландыруға бағытталмақ.
Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар тауарлар – азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар, балаларға арналған тауарлар және басқалары үшін 10%-дық жеңілдетілген ҚҚС мөлшерлемесі сақталады.
Егер түзетулер қабылданса, салық кодексіндегі өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Қаржы сарапшыларының бағалауынша, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бастамасы Ресей бюджетіне жылына қосымша 1 трлн рубль әкелмек.