Қазақстанда қылмыстық заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу қылмыстарына қатысты жауапкершілік күшейтілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.
Ең басты өзгерістердің бірі – Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескерту нормасының алынып тасталуы. Бұған дейін жәбірленушіні еркімен босатқан жағдайда кінәлі қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді мұндай жеңілдік қарастырылмайды: қылмыскер жәбірленушіні босатқан күннің өзінде заң алдында жауап береді.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Бұл әрекет енді ресми түрде қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Некеге мәжбүрлеген адамға айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Жаза қылмыстың ауырлығына қарай 2000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Егер әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділікті пайдаланып немесе адамдар тобымен жасалған жағдайда – қатаңырақ жаза қолданылады.
Заңдағы бұл өзгерістер ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдерді қорғауға, сондай-ақ қоғамда кең таралған мәжбүрлі некенің алдын алуға бағытталған.