Елден кетпеген соң. Билік босатқан оппозиционерді қайтадан қамады

1605
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/a358UUYZwJomSO4vDO7ovEnCvozLZF9mv7D5BFuT.jpg

Беларусьтің 69 жастағы экс-президенттікке кандидаты Николай Статкевич қайтадан колонияға қайтарылды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.

11 қыркүйекте өзге саяси тұтқындармен бірге босатылған саясаткер Литваға кетуден бас тартып, Беларусьте қалған еді. Бірнеше күн бойы оның қайда екені белгісіз болып, кейін Глубокое қаласындағы колониядан табылғаны айтылды.

Статкевичтің жұбайы Марина Адамович Глубокое қаласындағы №13 түзеу мекемесі саясаткердің қайда екені туралы ешқандай ақпарат бермей отырғанын мәлімдеді.

Еске салайық, Беларусь билігі 11 қыркүйекте АҚШ делегациясымен келіссөздер аясында 52 саяси тұтқынды босатқан болатын. Олардың ішінде Статкевич те бар еді. Ол Литваға кетуден бас тартып, бейтарап аймақта бірнеше сағат отырғаннан кейін қайтадан Беларуське оралды.

Николай Статкевич 2010 жылғы наразылыққа қатысқаны үшін сотталып, 2015 жылы бостандыққа шыққан. Алайда 2020 жылы қайтадан қамауға алынып, «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен ерекше режимдегі колонияда 14 жылға бас бостандығынан айырылған.

댓글
기타 기사