Шіркеу журналындағы Абай. Саят Ыбырай не тапты?

2461
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4emMeC9MW5kKqMh5r3CHk9XlSg4Rt2ClXUHsetUT.jpg

Абай туралы бәрі айтылды деп жүргенде, тарихшы Саят Ыбырай бұған дейін ешкімнің назарына ілікпеген тың дерекпен бөлісті. Бұл жөнінде ол арнайы мақала жариялады. Бұл абайтануға қандай жаңалық әкелуі мүмкін? Дерек қайдан алынды? Осы жөнінде тарихшы Саят Ыбыраймен сұхбаттастық. 

Саят аға, сіздің Абай туралы тың дерекпен бөліскен мақалаңызды оқыдым. Сондағы Леонид Покровскийдің жазбалары бұған дейін неге абайтанушылардың назарынан тыс қалған деп ойлайсыз?

– Өткен айда Қызылжар қаласына Солтүстік Қазақстан облысының бас имамының шақырумен дін қызметкерлерімен кездесуге бардым. Тақырыбым «Руханият үшін күрес немесе қазақтардың кітап ісі» болатын. Лекция барысында христиандандыру мәселесін қозғайтын болғам. 

Осыған байланысты ХІХ ғасырдың деректерін іздестіріп отырғанымда «Православный Благовестник» журналының «Записки киргизского миссионера священника Леонида Покровского за 1896 год» деген бір мақаласы көзге түседі. Оқи бастадым. Бұрын кездеспеген, миссионердің естелігі қызықтырды. Ішінде «Ибраһим Колымбаев» деген атақты, білімді адаммен кездескені айтылған. 

Бірден оның Абай екенін түсіндім. Оның бірнеше мәтінінде Абай екендігіне сипат бар. Оны айтып отырған себебім, бәзбіреулер «Колымбаев деп неге жазды, Кунанбаев деп жазуға сауаты жетпеді ме?» дегендер бар. Қысқаша айтқанда, бұл деректің Абай емес екенін терістегісі келетіндер көп. Себебі, Абайды жоқ қылу арқылы, қазақтың болмысын жоқ қылғысы келеді. Абай бүгінгі күні де, тірі кезінде де қазақ болмысының сақшысы болған. 

Ал «Колымбаев» деп жазғанда сауаты жетпеді ме, саясат сондай ма, тіл заңдылықтарына қарай солай бұрмалай ма, мен білмедім. Бірақ тіпті осы күнге дейін қаншама адам, сол орыстардың жазып берген, бұрмаланған тегімен жүрген жоқ па?!

Екіншіден,  кейбіреулер «кездесу Семейде болмаған» деп жазып жатыр. Кездесу Семейде болған жоқ, Покровский 21 тамызда Семейден Жетітау, Шыңғыстау, Бұғылы, Көкіл (Көкен) болыстарын бетке алғандығын жазады. Яғни, Абаймен Семейде емес, Шыңғыстауда кездескен. Л.Покровский: «5 қыркүйек күні мен қырғыздар арасында танымал Ибрагим Колымбаевқа ақыры жеттім,» - деп жазады.  

Шыңғыстауда Ибраһимнен, яғни Абайдан асқан қандай танымал Ибраһим болуы мүмкін? Үшіншіден, Л. Толстой туралы айтады. 

«Мен Ибрагимнің үйінде түнедім. Көптеген мәселелерді талқыладық. Ол өте көп оқыған, тіпті философтарды да оқыған, бұл білімін де жасырған жоқ. Мысалы, граф Л. Толстой туралы үлкен мақтаумен айтты, оны ислам туралы көзқарасты бөлісетін адам деп санайды,» - дейді. Осыған дәлел Абайдың

 “Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш, я адвокат,

Болсам деген бәрінде ой-”, деген сөзі бар емес пе?! 

Ал, ол кезде мұндай деңгейде сұхбат құратын, Л.Толстой мен әлем философтарына сілтеме жасайтын қандай басқа Ибраһимді білесіз? 

Назардан неге тыс қалуы мүмкін? Бұрын соңды Абайдың Леонид деген миссионермен кездескенін естімеппіз. Бірнеше абайтанушы ғалым ағаларыма хабарласып сұрадым. Абай туралы кітаптарды сүзіп шықтым. Шынымен ондай деректің айналымда жоқ екенін көз жеткізген соң барып мақаламызды жарияладық. 

Ал миссонер мақалаларының мазмұнына қарасақ, бұл шіркеудің қызметкерлері пайдаланатын, негізінен есеп пен нұсқаулықтар сияқты. Соған қарағанда өздері синод ішінде пайдалануы да мүмкін. Ал журналдың өзі Мәскеуде 1893 жылдан айына екі рет шығып тұрған. Абайтанушылар шіркеу журналында Абай туралы мақала бар деп есептемесе керек деп ойлаймын.  

– «Православный Благовестник» журналының 1897 жылғы сандары қаншалықты қолжетімді болды? Осы деректерге қол жеткізу процесінде қиындықтар болды ма?

– ХХІ ғасырдың игілігі де, қасіреті де  интернет болып тұр ғой. Бұрын бұл журналдың қол жетімділігі қиын болғандығында күмән жоқ. Бүгінгі таңда көптеген деректерге жол ашылды. Аталмыш журнал да қол жетімді болып қалды. Шіркеу сайттарында бұл журналдың толық шығарылымдары тұр. Кез келген адам ашып оқи беруге болады. Тек талап пен ізденіс керек.

Мен Абайдың миссионерлермен тартысын арнайы зерттеп, ізденген жоқпын. Менің объектім қазақтардың христиандандыру процесі еді. Сол бағыттағы ізденістердің нәтижесінде осы деректерге аяқасты ұшырап қалдым. Сондықтан, айтарлықтай қиындық болды деп айта алмаймын.

Покровский жазбасына сүйене отырып, Абайдың 1896 жылғы рухани бетбұрысын қандай басқа деректермен толықтырдыңыз? Мысалы, замандастарының естеліктері, өзге мұрағат материалдары бар ма?

– Бүгінге дейін Абайдың Сергей деген миссионерлермен кездескендігі белгілі. Оның өзі тек Көкбай Жанатайұлының естелігінде айтылады. Дегенмен, нақты Абайдың немесе миссионер Сергейдің естеліктері кездеспейді. Бірақ аталған журналды толық зерттеу қажет. Ол журналда архимондрид Сергейдің де жазбалары бар. Осы Сергеймен кездескені ел арасында, ғылыми еңбектерде де жазылады. Зерттеушілердің барлығы дерлік Сергеймен кездесу жайында жазады. Ел арасында да ол жайында әңгімелер кеңінен тараған. 

1896 жылы Абай «Ғақлиясын» аяқтайды, болыстықтан кетеді. Кейін «Ғақлия-тастидиқатына» кіріседі. Сондықтан 1896 жыл Абайдың рухани бетбұрысы деген қате болар, бірақ дінге деген көзқарастарына нық беки түскендей боп көрінеді.

Сұрағыңыздағы «басқа деректер» Абайға байланысты емес, сол замандағы болып жатқан процестерге байланысты жанама деректер өте көп. Сол деректерді құрай отырып, бір тізбекке келтіргеннен кейін Абайдың заманындағы құбылыстарды анық байқауға болады.

Мақалада Абай мен миссионерлер арасындағы идеологиялық күрес «ислам үшін күрес» деп сипатталады. Бұл күрес тарихи фактілерден гөрі идеялық образ емес пе екен?

– XIX ғасырда Ресей империясы қазақтарды шоқындырып, христиан дініне өткізбек болғаны – тарихи шындық. Христиандандыру мен орыстандыру екі процесс ретінде жүрген. Әрине, екеуінің мақсаты бір.   Бұл миссионерлік әрекеттерге қарсы Абайдың түсінігіндегі ислам – мейірім мен махаббаттың діні. 

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және Хақ жол осы деп әділетті»,- демеп пе еді?

Покровскийдің естелігінде де «Мұхаммед пайғамбар ешқашан қасиетті соғыс туралы үйреткен емес, ол әрдайым ғылыммен айналысуды қолдаған, барлық адамға махаббатпен қарауды насихаттаған», - деп Ибраһимнің айтқанын жазады. Сондықтан Абайдың миссионер Сергиймен де, Леонид Покровскиймен де болған пікірталаста исламды қорғаудағы ұстанымын көрсетеді. Бұл кездесуде Абай исламның рухани тереңдігін, адамгершілік негізін алға тартып, миссионерлік идеологияға қарсы тұрады. Ал идеялық образ дегеніңізге келетін болсақ, Абайдың исламға деген көзқарасын тек діни емес, мәдени және рухани тәуелсіздік мәселесі ретінде де қарастырсақ болады.

Кеңестік кезеңде Абайдың дінге қатысты көзқарасы саяси сүзгіден өтіп, насихатталмаған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін оның исламға жақындығы ұлттық руханияттың тірегі ретінде қайта бағаланды.

– Бұл дерек абайтану ғылымында қандай жаңа бағыт немесе тың көзқарас ұсынды деп ойлайсыз?

– Жаңа бағыт деп айту дұрыс болмас. Себебі мен абайтанушы емеспін, абайтануға жаңа бағыт әкелу деген мақсатым да жоқ. Ұсынған тың деректің абайтанушыларға, Хәкім Абайдың 180 жылдығына тарту еткен сыйлығым десек болады. Мүмкін, абайтануға пайдасы тиіп қалар деген үмітім де бар. Өйткені соңғы кезде Абайды жоққа шығарушылар бой көрсете бастағаны жасырын емес.

Мәселен, Зәуре Батаева бір мақаласында «При этом физических следов жизни писателя нет... Более того, не найдено ни одного упоминания об Абае в письмах таких русских ссыльных, как Северин Гросс или Евгений Михаэлис, с которыми, говорят, Абай поддерживал связи»,- деген еді. Бүгінгі таңда мұндай көзқарастағы адамдар кездесіп жатқаны жанға батады. Сырттың нұсқаулықтарымен дұшпанның сойылын соғып жүргендей болып көрінеді. Абайға қарсы адамдар, ұлтқа қарсы адамдар ғой. 

Табылып отырған деректер, яғни, Леонид Покровскийдің жазбасы, сол көзқарастағы адамдарға дәлел де, жауап та деп айта аламыз. 

Аға, Абайды зерттеп, мұрасына терең үңіліп жүргендер ақынды басқа қырынан тани түседі, осы зерттеу барысында Абай сіз үшін қай қырынан ашылды?

– Абайды оқыған сайын, терең тұңғиық екенін түсінем. Абайдың тарихи тұлғасын зерттеуге болатын шығар, бірақ өлеңдерін зерттеу деген болмас, оны түсіну қажет. Ал табылған дерек, Абайдың ХІХ ғасырда жүргізілген қазақ санасының отарлауына қарсы күрескер ретінде таныта түседі. 

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

댓글
기타 기사