Ресейдің Еуроодақ жанындағы тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Карен Малаян Брюссельдегі Еуроодақ штаб-пәтеріне шақырылды. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол дипмиссия басшысының Киевтегі ЕО өкілдігіне жасалған түнгі соққыларға байланысты шақырылғанын атап өтті.
«Ешбір дипломатиялық миссия ешқашан нысанаға айналмауы тиіс. Осыған байланысты біз Брюссельдегі Ресей өкілін шақырып отырмыз», — деп жазды Кая Каллас X әлеуметтік желісінде.
Бейсенбі таңертең Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Украинадағы ЕО өкілдігінің ғимаратына соққылар жасалғанын хабарлаған еді. Ол қызметкерлердің зардап шекпегенін жеткізді. Кейін фон дер Ляйен шұғыл брифинг өткізіп, түнгі соққыларды «ЕО делегациясына жасалған шабуыл» деп атап, оқиға дипломатиялық миссияға жақын жерде болғанын мәлімдеді.
Еуроодақтың сыртқы саясат қызметінің өкілі Анитта Хиппер журналистерге өкілдіктің әлі де жұмыс істеп жатқанын және миссия қызметкерлерінің елде қалатынын жеткізді.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің Киевтегі нысандарға жасалған соққыларға қатысты сауалына жауап беріп, Ресей қарулы күштері «әскери және әскериға жақын инфрақұрылым нысандарына» соққы жасап жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Киев тарапынан Ресей инфрақұрылымына, оның ішінде бейбіт нысандарға да соққылар жалғасып жатқанын еске салды.