Бүгін, 12 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоудың сапары Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға саналатынын атап өтті.
Сондай-ақ бұл Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының елімізде аталған спорт түрінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіреді.
Мемлекет басшысы таеквондо олимпиадалық спорт түрі ғана емес, үйлесім, тәртіп және өзара құрмет қағидаттарына негізделген, дүние жүзіндегі миллиондаған адамды біріктіретін философия деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елордада G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтинг турнирін өткізу отандық спортшылардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, тәжірибе алмасуына әрі Ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін көтеруге кеңінен жол ашады.