"Президент тапсырмасының орындалмау себебі – қаржыландырудың болмауы"

2195
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iaiOBtKm5xn3wlgLP7p3tz1YvQvkF3CvOd3FxeZn.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасының орындалу мерзімі 2027 жылға шегерілді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Jibek Joly арнасына берген сұхбатында президент тапсырмасы не себепті уақтылы орындалмағанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Министр ағаш отырғызудың бірнеше кезеңнен тұратын күрделі үдеріс екенін атап өтті. Айтуынша, бұл іске жоспар құру, тұқым дайындап, оны сақтау, жерді өңдеу, көшет отырғызу және кейінгі күтім жұмыстары кіреді. 

Былтыр мемлекеттік орман қорына 1 миллиард 150 миллион көшет материалы егілген. Тапсырманың толық көлемде орындамауына жергілікті әкімдіктердің жеткілікті деңгейде ақша бөлмеуі әсер еткен.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын толық көлемде орындамауына келер болсақ, басты себеп – жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржыландырудың болмауы. Баса айтқым келетіні, мемлекеттік орман қорының 80 пайызы әкімдіктердің қарауында. Олар тұқым жинаудан бастап барлық сатыға жауапты. Оған қоса маусымдық жұмысшылардың санын арттыру, арнайы техникалар сатып алу мәселесі туындады»,- деді Ерлан Нысанбаев.

Министрдің сөзінше, Президент тапсырамасына дейін жылына 50-55 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылып келген, қазір көлем екі еседен астам ұлғайды. Сәйкесінше, трактор, ағаш отырғызу техникалары мен жұмысшы санын арттыру керек. Тұқым көлемі де 500 тоннадан 1250 тоннаға дейін өскен.

«Тұқымсыз көшет алу мүмкін емес, ал техникасыз мұндай көлемдегі тұқымды егу туралы сөздің өзі артық. Аталған бағыттағы жұмыстар автоматтандырылмаған, бәріне жұмыс күші, техника керек екені түсінікті. Әлем елдері де осы жолмен келе жатыр»,- деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Айтуынша, 2021-2023 жылдары жоспарланған жұмыстың 70-75 пайызы орындалды. Қалған бөлігі 2026-2027 жылдарға шегерілді. 2023 жылдан бастап министрлік тұқым жинау мәселесін қатаң бақылауға алды. 10 тамызға дейін алдағы екі жылға арналған көшет өсіру бойынша баяндама жасалады.

댓글
기타 기사