“Төрт ана” оқырмандар клубы өз жұмысын бастады

1649
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Xrez1tns55C3xvvzp59qEUUtNroDlCAuUcAGn1fU.jpg

Ұлт руханиятына тірек болар төрт ұлы ұғым бар: туған жер, туған тіл, салт-дәстүр мен тарих. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойғы жан сақтап келген ішкі тұғыры. Егер сол төртеудің бірі жұтылып, бірі ұмытылса, ұлттың келбеті көмескі тарта бастайды…

№93 мектеп-лицейінде осы ұлы ұстанымды арқау еткен тағылымды бастама – “Төрт ана” оқырмандар клубы өз жұмысын бастады. Клубтың ашылу салтанатына ерекше мәртебелі қонақ – Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов қатысып, лентасын қиып, жүрекжарды батасын берді. Бұл – тек бір шараның ресми ашылуы ғана емес, ұлттық рух пен білімді ұштастырған рухани бетбұрыстың бастамасы болды. Ақын сондай-ақ жазғы демалыс лагерінде жүрген оқушылармен жүздесіп, ізгі тілегін арнады.

«Төрт ана» –  ұлттық болмыстың төрт тірегінің поэтикалық көрінісі. Мұхтар Шахановтың осы аттас өлеңінде туған жер, туған тіл, салт-дәстүр мен тарих – әрбір адамның рухани тамыры, адами биігі ретінде жырланады. Бұл – тереңге бойлаған, ұрпақ жадында жаңғыруы тиіс мәңгілік идея. Бүгінгі оқырмандар клубы – сол идеяның шынайы өмірмен үндескен, нақты іске айналған көрінісі.

Клуб Біртұтас тәрбие бағдарламасының «Балалар кітапханасы» жобасы аясында құрылып отыр. Оған тек оқушылар ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар да мүше болады. Осы арқылы мектеп қабырғасында отбасылық кітап оқудың жаңа мәдениеті қалыптасып, «мектеп – оқушы – ата-ана» арасындағы диалог жанданады. Бір кітапты бірге талдау – бір әлемді бірге тану.

Бүгінгі балаға ойыншық сыйлайтындар көп, ой сыйлайтындар сирек. «Төрт ана» оқырмандар клубы – дәл сол ой сыйлайтын кеңістік. Мұнда әр оқушы тек кітап оқып қоймайды, құндылықпен қауышады, ұлт пен рух, адам мен болмыс, сана мен сөз жайлы терең ойланады. Ата-ана мен баланың бір кітапты бірге оқуы – үнсіз тәрбие. Үнсіз түсіністік. Ал ұстаз сол үдерістің бағыттаушысы. Клуб осы үштағанның тоғысында тұрып, әр жанұяны – кітап айналасында ұйыстыруды мақсат етеді.

Клуб мүшелері алдағы уақытта бірге оқитын кітаптар тізімін нақтылап, рухани бағыттағы кездесулер, пікірталастар, шығармашылық жұмыстар ұйымдастырады. Бұл – функционалдық сауаттылықты арттыру ғана емес, баланың ішкі әлемін кеңейтуге бастар жол.

Мұндай бастамалар – мектеп қабырғасынан басталатын рухани иммунитеттің тірегі. Ұлттың жүрегі – баланың жан дүниесінде соғады. Егер ол жүректе тілге, дәстүрге, жерге, тарихқа деген құрмет оянып жатса, ұлт болашағына жауапты жастарға деген сенім де артады. 

Әр оқылған кітап – бала бойында жанған бір шырақ. “Төрт ана” клубы бүгін сол шырақтың алғашқы отын жақты. Енді бұл шырақ сөнбеуі үшін әр ата-ана, әр ұстаз, әр оқушы – жүрек жылуын аямаса игі. Жүрекпен оқылған әр кітап – санамен жасалған таңдау. Ендеше, саналы таңдау жасап, кітап арқылы болашаққа көпір салайық!

댓글
기타 기사