Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов пен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму экс-вице-министрі Дәулет Арғандықовтың ұсталу кезінде жүздеген мың доллар тәркіленді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері кезекті 75 мың доллар көлеміндегі пара беру кезінде бірнеше лауазымды тұлғаны ұстаған.
Ұсталғандар қатарында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры Руслан Омаров, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы, бұрынғы бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бұрынғы басшысы, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму экс-вице-министрі Дәулет Арғандықов бар.
Тінту барысында күдіктілердің үйінен 370 мың АҚШ доллары мен 4,5 миллион теңге табылып, тәркіленген.
ҚМА мәліметінше, «Бірінші кредиттік бюро» басшылығы жүйелі түрде «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» басшыларына заңсыз сыйақы беріп отырған. Бұл қаржы қаржылық ұйымдардың сұраныстарын өңдеуге қажет ақпараттық қызметтерді лоббилеу үшін берілген.
«2025 жылғы 30 маусымда сот санкциясымен Сарбасов, Арғандыков және Омаров екі ай мерзімге қамауға алынды», – деп хабарлады агенттік.
Еске салайық, Сарбасов, Арғандықов және Руслан Омаровтың ұсталғаны туралы ақпарат 1 шілдеде белгілі болған еді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.